A place where you need to follow for what happening in world cup

Спорт саңлақтарын қабылдады

721

Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым әкімдердің жұмыс алгоритміне сай спорт саласы қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Айваз Османов спорт саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Меркі ауданы бойынша барлығы 212 спорт нысаны бар. Оның ішінде 1 стадион, 37 спорттық залы, 13 арнайы орнатылған спортзалдар, 40 футбол алаңы, 121 спорттық алаңшалар бар. Аталған спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді.
Аудан спортшылары елімізде және халықаралық деңгейде өткен жарыстарда үлкен жетістіктерге жетуде. 2019 жылы әлемнің, Азия чемпионаттарына, халықаралық турнирлерге қатысып барлығы 1125 медаль, соның ішінде 319-алтын, 363-күміс, 443-қола медальдарға ие болған.
Жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Қазіргі таңда Меркі ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша спорт кешен салынуда. Құрылыс жұмыстары 2020-2021 жылдары аралығында жүргізіледі. Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 11 ауылдық округте 22 кіші футбол алаңшаларымен спорт алаңдары салынуда. Сонымен қатар Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша А.Асқаров атындағы орталық стадионының алдындағы спорт алаңдары күрделі жөндеуден өткізілуде.
2022-2025 жылдары Сарымолдаев, Андас батыр, Жаңатоған, Ақтоған ауылдық округтеріне дене шынықтыру сауықтыру кешендерін салу жоспарлануда екен.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары спорт саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, мықты шәкірт тәрбиелеп, еңбегінің нәтижесін көрсеткен жаттықтырушыларға аудан әкімінің Құрмет, алғыс грамоталарымен марапаттады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.