A place where you need to follow for what happening in world cup

Санитарлық талаптарды қатаң сақтайық!

370

Қазіргі кезде әлемді дүрліктірген коронавирус індетінің беті қайтқандай көрінгенімен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның екінші толқыны туралы болжам жасап, кез келген қауіпке әзір болу керектігін ашық айтты. Тіпті, бүгіннің өзінде ДДҰ-ның болжамы дәл келіп, бірқатар мемлекеттерде аты жаман індет қайта өршуде. Осыған байланысты, еліміздің денсаулық сақтау министрлігі облыс орталықтары және аудан мен ауылдағы медицина мекемелерінің екінші толқынға сақадай сай болуы үшін барлық жағдайды жасап бағуда.
Қазіргі кезде өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында және карантиндік шектеу шараларының орындалуы мен сақталуын зерделейтін бес мониторингтік топ жұмыс істеуде. Аталған топтардың алғашқысы аудандағы мейрамханалар мен сауда және ойын-сауық орталықтарын бақылауда ұстаса, екінші топ қала мен ауылдардағы дүкендерге, үшінші топ халыққа қызмет көрсету орталығы мен банктерге, төртінші топ кафелер мен моншаларға, бесінші топ білім ошақтарына зерделеу жүргізеді. Сонымен қатар, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақыратын насихат жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу мақсатында аудан әкімдігінің «facebook» және «instagram» әлеуметтік желілерінде 667 түрлі роликтер мен инфографика салынған. Оған қоса, ауданымыздағы 35 елді мекеннің тұрғындарына «Коронавирустың симптомдары – аурудың алдын алу» тақырыбымен брошюролар таратылған. Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жолдаған Үндеуінен туындайтын тапсырмаларды түсіндіру мақсатында ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, аудан аумағындағы 210 нысанға түсіндіру жүргізіліпті.
Індеттің алдын алуды мейлінше тиімді ұйымдастыру үшін жастар орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда бетперделер таратылды. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен аудан әкімдігінің және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындардың үнемі бетперде мен арнайы қолғап киюін қадағалап, антисептикалық құралдарды да жиі пайдаланып, санитарлық талаптарды сақтау керектігін ұдайы ескертіп келеді. Өкінішке орай, елдегі және өңірдегі ауру көрсеткіші азаймай тұрса да, тұтас әлемді дүрліктірген індетке бейжай қарайтын тұрғындар табылып жатыр. Тиісінше, мұндай азаматтарға заң аясында шара қолданылып, ескерту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, аудан бойынша 42 нысанға 3 180 810 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Қазіргі таңда оның 40 нысаны 3 014 130 теңге айыппұлды төлеген. Өңірдегі эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтап, қауіпті дертті бірлесе жеңу үшін тығылып той өткізіп, отбасылық мерекелерді жасырын өткізіп жүрген тұрғындарға тоқтау салу қажет. Әйтпесе, іргедегі індеттің ақырын адымдап, есігімізден бесігімізге сығаламасына кім кепіл?!

 

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.