A place where you need to follow for what happening in world cup

Наурыз мерекесі Ақбастау ауылында жоғары деңгейде өтті

1 189

Жер-жерде жарықтың жеті реңіне, дыбыстың жеті ырғағына, жеті қат жерге, жеті қат көкке, жеті күнге балаған жеті дәмнен көже жасап, Жаратушыдан шын жақсылықты күтетін Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесі кеше Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында жоғары деңгейде аталып өтті.

Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде өткізетін ауыл тұрғындары биыл мекемелер арасында өзара сайыс ұйымдастырып, жас буынға ұлттық ойындарды дәріптеп, жырдан шашу, әннен алқа тағынып, мың бұрала билеп қонақтарға көңілді күй сыйлады.

Ақбастау ауылының әкімі Мейіржан Берікұлының айтуынша ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарымыз жаңа жыл мерекесіне орай арнайы қонақ ретінде шақыртылған. Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебі, “Қостұра” ауылдық емханасы, Мәдениет үйі, Ақбастау ауылының әкімшілігі, “Айгүл” балабақшасы сынды мекемелер арасында бірнеше кезеңнен тұратын сайыс ұйымдастырылған.

Мерекелік кеште қазақы тігілген киіз үй мен жабдықтар, ұжым мүшелерінің қарсы алуы, жас келіндердің ілтипаттары мен жайылған ақ дастархандары, дәстүр мен ғұрыпқа мән берулеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай ақ, алдын ала берілген тапсырмалар бойынша барлық мекемелер ұлттық дәстүрді көрініс ретінде көрсетті.

Қазан көтеріп, ас берген, ұлттық дәстүрді дәріптеп көрерменге ой түйдірген “Айгүл” балабақшасы тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, смарт теледидарға ие болды!


Ш. Уәлиханов мектебінің ерекше жайылған ақ дастархандары, ұстаздардың бірыңғай ұлттық киімде жүруі әдемі көріністері барша жиналған қауымды тәнті етті. Жас буынға тек білім беріп қана қоймай болмыстарымен үлгі болып жүрген бүгінгі мектеп ұжымына қариялар мен жаулықты әжелеріміз алғыстарын білдірді.


Ауыл жастары мен Бәйдібек ауданынаң депутаты Абылай Жақыпов пен Бәйдібек ауданының билер төрағасы Сағымбай Жұбанов және ауылдың атқа мінер азаматтарының
арнайы дайындаған сыяпаттары мен ақшалай сыйлықтары, мақтау қағаздары ұйымшыл ұжымдарды одан сайын ынталандырды.

Сайыс соңында тұрғындар үшін арнайы дайындалған концерттік
бағдарлама ұйымдастырылды.

Кеш соңында жас жігіттер арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру, арқан тартыс сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыс болды. Нәтижесінде Ш. Уәлиханов мектебінің 10-сынып оқушысы Алмас Кенжеханұлы бас жүлдені жеңіп, қошқарға және ақшалай сыйлыққа ие болды!

Халықтың қастерлі мерекесіне ауыл әкімі Мейіржан Берікұлы ізгі тілегін білдіріп, келесі жылы әз-Наурызды 1991 жылғы және 1992 жылғы жігіттер өз деңгейінде ұйымдастырса деген ұсынысын айтты.

Көктемдей көңіл сыйлау мақсатында бастау алатын шараны жоғары деңгейде өткізуге жігерлі жігеттеріміз бар күштерін салатынын жеткізді.

Бір айта кетерлігі, мерекелік жиынға келушілердің қатары жыл сайын көбейіп, ұлттық дәстүрлер жыл сайын жоғары деңгейде дәріптелуде!

Бүгін 22 наурыз күні әкімшілік алдында әуезді әуендер қойылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл сыйланды!

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

#ұлықмерекежалғасабермек

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.