A place where you need to follow for what happening in world cup

Нағашым нағыз батыр болған

22 504

Аталарымыздың фашизмге қарсы сұрапыл соғыста қол жеткізген Ұлы Жеңісінің мерейлі 75 жылдығы мерекесіне орай мен фин соғысы мен Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм нағашым Бегімбетов Сәлім Бегімбайұлы туралы әңгімелеп бергім келеді. Мақсатым — кейіннен шынайы қызығып, зерттеймін деген біреу табылып жатса, кәдесіне жарап қалар де- ген оймен нағашым туралы мәлім-беймәлім тарихты ақтару. Бүгінде жасы 82-ге келген анамыз марқұм ағасы Сәлім ақсақалды «көке» деп ұдайы есіне алып отырады. Турасында Сәлім анамның әкесінің інісі. Сәлім көке 1913 жылы 25 наурызда Дулат болысының Теңдік ауылында (қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданы Бәйдібек ауылы) қара шаруа етікші Бегімбайдың отбасында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектептен сауатын ашқан Сәлім ауылдың іргесінде ағып жатқан Шу өзенінің қарсы жағында орналасқан Новотроицк селосындағы (қазіргі Төле би) ша- руа жастары мектебінде оқуын жалғастырады. Көп созбай Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының екі жылдық курсын аяқтайды. Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына барып, облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып қызметке ор- наласады. Қосымша Қырғыз коммунистік ауыл шаруашылығы жоғарғы мектебінің білімін алады. 1935 жылы комсомолдық жолдамамен әскери-теңіз флотына әскерге шақырылып, Қырғызстанның қамқорлығындағы «Ок- тябрьская революция» линкорында әскери қызметін атқарады. Әскери қызметінен қол үзбей Ленинград электроника мектебін және әскери командирлер даярлайтын жоғары мектепті (1936- 1938) бітіріп, лейтенант әскери атағын алады. 1938 жылы Кронштадтағы «Комсомолец» әскери кемесінің артиллериялық батарея командирі болып тағайындалады. 1939 жылдың күзінде Балтық теңізіне жорықтан оралған 26 жасар Сәлім болашақ жары Гүлсинамен танысады. Гүлсина Фрунзеден Ленинградқа оқуға түсуге келген екен. Дегенмен, сол жылы қарашада Сәлім көке фин соғысына аттанып кетеді. 1940 жылы қаңтарда қатты жарақаттанып, контузия алады. Ленинград теңіз госпиталінен жарасын жазып шыққан Сәлім көке сол жылы маусым айында Баку Каспий жоғары әскери-теңіз училищесіне оқытушы болып жолданады. Бакуге келіп жайғасқаннан соң, сөз байласқан Гүлсина бикені жанына шақыртып алып, қараша ай- ында онымен отау құрады. Ұлы Отан соғысы басталған соң өзінің жауынгерлік тәжірибесін арқау етіп, майданға сұранады. Ұлы Отан соғысына 1942-1944 жылдар арасында қатысады. РФ Қорғаныс министрлігі орталық архивінің (ЦАМО) мәліметтеріне сүйенсек, Бегимбетов Салим оадн 76 осбр МП және 101 осбр 92 ск 4 УдА құрамында шайқасқан. Бұл дегеніміз атамыз Ақтөбе қаласында жасақталған, аты аңызға айналған 101-ші жеке атқыштар бри- гадасында артиллериялық дивизион командирінің орынбасары болған. Ол тұста 101-ші бригада 4-ші армияның 92-ші атқыштар корпусының құрамында Калинин майданында әрекет еткен. 1943 жылы 17 қыркүйекте басталған майдан шебінде басталған шабу- ылдау операциясына қатысып, 27 қыркүйекте ауыр жарақат ала- ды. Содан жарты жыл госпитальде жатып, 1944 жылы сәуірде әскери медициналық комиссия тарапынан шектеулі жарамды деп танылған Сәлім көке май- ор әскери атағында запасқа шығарылған. Осы тұста жоғарыдағы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін әскери басшылық та- рапынан «Қызыл жұлдыз» орденіне (орден «Красная звезда») ұсынылады. Оның орнына 1943 жылы 29 қазанда 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Осы ретте орденге ұсыну қағазындағы мінездемесін толық келтіргенді жөн көріп отырмын. «За время боевых операций с 17.09.1943 г. по 27.09.1943 г. проявил исключительное му- жество, стойкость и умение управлять войсками. Под его руководством 18.09.1943 г. первыми ворвались в траншеи про- тивника. Автоматчики и 4 противотанковые пушки были выдви- нуты на прямую наводку, которыми были ослеплены два ДЗОТа с тяжелыми пулеметами, три ДЗОТа с ручными пулеметами и около 20 солдат и офицеров противника, что обеспечило даль- нейшее продвижение пехоты вперед. Продвинувшись вперед и заняв основную позицию с 4-мя пушками и 20-ю автоматчиками под его руководством обороня- ли сутки занятую высоту. Противник вел сильный пулеметный огонь из 2-х ДЗОТов, которые не давали продвинуться вперед нашей пехоте. Тов. Бегимбетов лично организовал выкатку орудия на пря- мую наводку, которое подавило огневые точки в ДЗОТах и обе- спечило продвижение нашей пехоте вперед». Осыдан кейін Сәлім көке өзі әскерге алғаш шақырылған Фрунзеге оралып, Қырғыз компартиясының әскери бөлімінде нұсқаушы болып қызметін жалғастырады. 50-шы жылда- ры Алматыға оралып, ҚазССР компартиясының Орталық комитетінде нұсқаушы, Шымкент облысы аудандарында партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінің хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінде хатшы болып ұзақ жыл- дар еңбек еткен. 1976 жылы зейнеткерлікке шығып, 2003 жылы 90 жасында дүниеден өтті. Отбасына келер болсақ, жұбайы Гүлсина екеуі тәрбиелеп өсірген қыздары — Раиса, Раушан және Сүйімбике барлығы да медицина саласының білікті, ғалым мамандары болып жетілді. Бегімбетов Сәлім 2-ші және 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, көптеген медальдарымен қатар бейбіт күнгі ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған. Сәлім көке әке-шешемнің оқып, білім алуына да еңбек сіңірген екен. Кейін зейнетке шыққан соң елге келіп-кетіп жүргенде, үйге жатып-жастанып кететін-ді. Ақшыл сары өңді, көзі көк, бойын тік ұстайтын, жастық шағындағы сымбатының сырын алдырмаған қария жағымды, таза дауысымен домбыраға қосып Арқаның әндерін айтушы еді. Осынау атаулы күнде өзіңді еске алып, атыңды атап жатыр- мыз. Рухың шат болсын, жарықтық!

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.