A place where you need to follow for what happening in world cup

Мейірімді мамандық иесі

69

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні қарсаңында 30 жылдан бері ем алушыға бар мейірімін төгіп, мейірбикелік қызметті аса мейіріммен атқарып жүрген Райла Бекбосынованы арнайы іздеп бардық. Кабинетке кіргеннен бірінші болып жылы шыраймен амандасқан Райла Қойшыбекқызымен әңгімемізді «Мейірбикелік мамандықты таңдауға не себеп болды?» деген сұрақтан бастадық. «Әулетімізде осы мамандықты ағам таңдап бастады. Мектепте оқып жүргенімде сол ағамның ақ халат кигеніне, сондай таза жүретініне қатты қызығатынмын. Адамға денсаулық сыйлайтын болғандықтан болар, ең мейірімді жандар ақ халат кигендер болып көрінетін. Көп ойланбадым, мен де осы мамандықтың иесі боламын деп шештім» деген Райла соңынан ерген бауырларының да осы бір ардақты мамандық иелері қатарынан табылғандығын мақтанышпен жеткізді.
Кейіпкеріміз қазіргі Түркістан облысының тумасы. Жоғарғы оқу орнын сол жақта оқып жүріп, Жамбыл жеріне тәжірибе жинауға келген екен. Өмірлік жарын кездестіруіне де осы өңір сеп болған. Осылайша, Райла Шу өлкесінің әрі кербез келіні, әрі білікті мейірбикесі бола білді. Жалпы 1985 жылдан 2002 жылға дейін процедуралық мейірбике қызметін атқарған Райла 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін аудандық емхананың көз дәрігері Нұржамал Мамбетованың мейірбикесі ретінде жұмыс жасап келеді.
Адамның он екі мүшесінің ішіндегі ең нәзігі көз болғандықтан оны емдеу үшін аса ұқыптылық пен біліктілік қажет. Ал «Дәрігер Нұржамал Орынбекқызымен заманауи үлгідегі үш аппараттың көмегімен күніне 40-қа жуық емделушіні қабылдаймыз» дегенді естігенімізде расында таңқалдық әрі таңдандық. Олар аудандағы жалғыз көз дәрігері мен мейірбикесі. Сондықтан таңертеңнен жұмыс уақыты аяқталғанға дейін кезек күтушілер санының саябырсымауы заңды құбылыс. Одан бөлек аудандағы 40 жастан асқан азаматтарды толығымен скринингтік тексерістен өткізіп, белгілі бір көз ауруы анықталған жағдайда облыс орталығына жолдама беру де екі маман үшін салмағы бар жұмыс. Соған қарамастан алдына келген әрбір емделушіге жылы қабақ таныту, сырқатын бар жан дүниесімен түсіну олар үшін мамандық алдындағы адалдық іспеттес.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.