A place where you need to follow for what happening in world cup

Кәсіпкер көпбалалы анаға баспана сыйлады

198

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің»-деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну  әрбір адамның азаматтық парызы.

Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осындай қайырымды, атымтай жомарт жандардың бірі саудакенттік жеке кәсіпкер, ауданымызға, облысымызға танымал тұлға Тоқтасын Біләлиев десек артық айтпағанымыз. Өйткені, бұдан алдын да Саудакент ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Г.Абдуллаеваға да үй алып берген еді.

Кеше,  яғни қасиетті жұма күні Сарысу ауданының «Сөзден іске!» жоспарының наурыздағы атқарылуы тиіс жұмыстарға сәйкес Саудакент ауылының меценаты, жеке кәсіпкер Тоқтасын Біләлиев көптен өз үйім, өз баспанам болса екен деп жүрген жалғыз басты көпбалалы ана, Игілік ауылының тұрғыны, өзге ұлт өкілі Наташа Савчукке Байқадам ауылдық округі, Саудакент ауылынан алты бөлмелі, жөндеуден өткен, қора-жайы, бау-бақшасы бар үйдің кілтін тапсырды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Н.Савчук асыраушысынан айырылып, өзі өмірдің қиындықтарымен алыса жүріп, алты баланы қатарларынан кем қылмай өсірген еді. Отбасымен қазақ тілінде еркін сөйлейді. Перзенттерінің бойына қазақ халқының салт-дәстүрін сіңіре білген. Тіпті қызы Алена Савчук «Абай оқуларының» жеңімпазы.

Алты бөлменің кілтін қолына алып, қуанышын жасыра алмаған ана былай деді: -Қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, қолдан келген жәрдемін берген Тоқтасын Біләлиевке алғыстан басқа айтарым жоқ. Аудан басшыларына, ауыл әкімдеріне де ризашылығым шексіз. Осындай жаны жомарт жандар елімізде көбейе берсін.

Осы игілікті іске қатысқан аудан әкімі Қанатбек Мәдібек жаңа қонысына құтты болсын айта келіп, игілігіңізге жарасын, осы үйде тойлар болсын деген тілегін жеткізді.

Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Н.Назарбаев-тың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының  «Атамекен» жобасы «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің бастамасымен меценаттар тарту бойынша ауданымызда атқарылып жатқан игі істердің бір көрінісі болды.

Камели Сүлейменова

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.