A place where you need to follow for what happening in world cup

Елорда күні мерекесінде Жуалы ауданында үш нысан ашылды

412

Елорда күні мерекесіне орай Жуалы ауданында да бірқатар нысандардың ашылуы болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған мерейтойына орай «80 жылдыққа 80 игі іс» жобасы аясында ауданда Чернобыль апатының зардабын жоюға және Семей ядролық полигонының құрбандарына, сонымен қатар, аталған апаттың салдарларын жоюға қатысқан ардагерлерге арнап салынған ескерткіштің ашылуы болды. Аталған салтанатқа атом электр станциясында болған апаттарды жоюға және Семей полигонына қатысқан ардагерлер қатысты.
Ескерткіштің ашылуында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
-Дана халқымызда: «Өткенсіз келешек жоқ» деген сөз бар. Біз ең алдымен өткен тарихқа тағзым жасамай, ешқашан алға баса алмаймыз. Осыдан отыз жыл бұрын Украйнаның Чернобыль атом электр станциясында болған апаттың салдарларымен күресуге біздің де жерлестеріміз қатысқан болатын. Олар бұл сынаққа қатысып, денсаулықтарына орасан зор зиян келді. Біз мұны ұмытпауымыз қажет. Әсіресе жас ұрпақ мұны біліп өсуге тиіс. Қазақ жеріндегі Семей маңында болған ядролық жарылыстардан қаншама адам зардап шекті. Бұл да біздің тарихымыздағы ең қаралы беттердің бірі.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен біздің еліміз ядролық қарудан бас тартқан бейбіт ел атанды. Біздің халқымыз ежелден бейбітшілікті, татулықты, еркіндікті сүйетін халық. Бүгінде елімізді әлемдік қауымдастық бейбіт ел ретінде жақсы таниды.
Біз бүгін аталған ядролық апаттардың, сынақтардың зардаптарымен күрескен ардагерлердің құрметіне, құрбандарына арнап салынған ескерткіш-монументті салтанатты жағдайда ашқалы отырмыз. Бұл шара Елорда күнімен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан қатар келген қос мереке құтты болсын. Әлемде бейбітшілік салтанат құра берсін. Ешқашан соғыс болмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барлығыңызға амандық тілеймін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Айта кету керек, Жуалы ауданында Чернобыль атом электр станциясында болған апатты жоюға қатысқан 59, Семей полигонында болған 11 ардагер тұрады. Ескерткіштің ашылу салтанатында аталған оқиғаларға қатысқан ардагерлердің атынан «Чернобыль-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шынарбек Райысбаев және ардагер Фарид Галиев сөйлеп, ізгі тілектерін білдіріп, ескерткіш-белгінің салынуына ықпал етіп, көмек көрсеткен аудан басшыларына алғыс білдірді.
***
Мереке құрметіне аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында Абылайхан және Қайрат Рысқұлбеков көшелерінің арасын жалғап жатқан үлкен сайға орнатылған жаяу жүргіншілер көпірінің де ашылуы болды. Онда аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов, ауыл қариясы Қуантай Исаев сөйлеп игі тілектерін жеткізді. Көпірдің лентасы салтанатты жағдайда қиылды.
***
Осы күні аудан орталығы Дінмұхамед Қонаев көшесінде орын тепкен демалыс орталығының да ашылу салтанаты болды. Демалыс орталығынң ашылуында аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауданда салынып жатқан құрылыстардың жайына тоқталып, кәсіпкерлік саласының ел экономикасына тигізер орасан зор пайдасын атап өтіп, демалыс орталығын ашқан кәсіпкер Жақсылық Ержановқа алғыс білдірді. Айта кететін болсақ, демалыс орталығы 150 адамға арналған. Мұнда клиенттердің еркін отырып демалуына барлық қажетті жағдайлар жасалған деуге болады. Тағамдарының да түрі саналуан.
Аудан әкімі Н.Ергебеков кәсіпкердің жұмысына табыс тілеп, карантин режимі және шектеу шараларына байланысты барлық санитарлық талапты мүлтіксіз сақтай отырып қызмет көрсету қажеттігін еске салды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.