A place where you need to follow for what happening in world cup

Елін сүйген Еңбек Ері

1 370

Әулиеата және Ескендіров

Арқа жақтың қазақтары әлі күнге шейін оңтүстік өңірден келген қонақтарды «Әулиеаталық ағайындар!» деп құшақ жая қарсы алады.
– О, Әулиеатадан келдіңіздер ме?
– Көне шаһарларың аман ба?
– Еліңіздің ерлері қалай болып жатыр?..
Дәл осылай жүрегін орап сөйлейтін Сарыарқа саңлақтары мен сөз өнері қонған ақын-жазушылары арғы ататек пен тарихи төркінде ойларды термелей жөнеледі.
Аман-саулықтан басталған жылы әңгімелерге құлақ қойып тыңдауға даяр жандар сондай бір шақта өзі туып-өскен жердің бары мен бағын ашқан жігіттерге қанығып, әр нәрсені бағалай білуге қайта оралар еді.
Жыр алыбы Жамбыл дүниеге келген жер. Ақындықтың абызы Кенен атаның мекені. Бүгінгі ұрпақтың көзі көрген Бауыржан Момышұлындай асқақ батыр мен Шерхан Мұртазадай дара қайраткер-жазушыдай асыл адамдарды әлбетте, атап айтар еді.
Қарағанды ма, Ақмола, Атырау, Жезқазған жақта ма, Шымкент, Өскемен, Павлодардан болсын, батыр-бағландардан кейін бүгінгінің Еңбек Ерлерін тәспілей жөнелер әңгімеде: — Сіздер мекен етіп отырған Қаратау-Талас талай алыс ертегінің, арманшыл аңыздың, аяулы дастанның алтын бесігі еді, – деп көңілді тербейтін, ел есінде сақталған төрткүл дүние төңірегін түгендеп беретін сәттерді бастан кештік. Разы болдық.
Сенің қадіріңді ағайын аялап жатса, несі айып.
Біздің халыққа ең қажетті ақыл-ой осылай болғанын ата-бабаларымыз да қалаған.
Біз сол ұлылардың ұрпағымыз.
– Әулиеата – Жамбыл жері Еңбек Ерлерімен әйгілі. Жазылбек Қуанышбаев секілді екі мәрте Алтын Жұлдыз алған Шопан-Ата бар, қазір Ескендірдің Зұлқарнайы дейтіндей, химия өндірісінің алыбы – Мұқаш Ескендіровтей мықты бас директорлары бар – елін сүйген ерлердің елі! — Бұл сөзді біз Мағауия Сембай деген қарағандылық қаламгер, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болған, ел-жұртына тура сөзімен әйгілі азаматтың аузымен айтылғанын талай мәрте естіп жүрдік. Жазу жазатындардың жөні бөлек, ал, Мұқаш Ескендіровті «төрт құбыласы түгел Ескендірдің Зұлқарнайына ұқсап…» деп адам аттарының бекерден-бекер қойылмайтыны, көп жағдай адам есімінің түпкі мән-мағынасына тартатынын іштей сезінетінбіз. Сонымен бірге өзіміз бетке ұстар тұлға жайында жүз-жүз кісі қатысып отырған жиында кеудені ашып, көңілін өсіріп айтуы әлгі қонақтың көп жәйттан хабардар екендігін танытқан.
Тараз – ежелгі шаhар, Әулиеата – тарихтан белгілі атамекен. Жамбыл – өңір атауы. Ал, Мұқаш Ескендіровті осы аймақтың аймаңдай адамы деп отыр.
Бұл ой сырттай ғана білудің жемісі. Себебі, Жамбыл жері десе, сары фосфор өндірісі, ендеше, «Казфосфат» – республикамыздағы химия өндірісінің алыбы бірден ауызға алынады.
Біз білгенімізді бүкпей сөз қылар болсақ, аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуы фосфор өндірісінің өнімділігіне көп жағдайда тікелей байланысты. Қаратау қойнауында Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, минералды тыңайтқыштар зауыты және «Қаратау», «Шолақтау» кен орындарын игеру кәсіпорындарында шыққан өнімдері мұхит асып Америкаға, Қытай мен Үндістанға, Еуропа елдеріне өз тұтынушыларын молынан тауып, сыртқы сауда экспорттық өнімдердің бағалы тауарына айналған.
Сол ірі кәсіпорындардың барлығына басшылық жасап отырған, «Казфосфат» ЖШС-нің он бес жылдан бері бас директоры Мұқаш Ескендіровті Қазақстан өндірісшілері мен жаңашыл әріптестері өздері арасында халықаралық деңгейде ойлай алатын мемлекетшіл адам, көпшілікті өзімен санастыра білетін басшы деп санайтыны хақ.
Фосфор өндірісі Ескендіровтің миы мен ағзасы.
Он сегіз жасында химия саласының маманы боламын деп оқуға түсті.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дипломды түлегі Жамбыл фосфор зауытының есігін ашты.
Сол уақыттан бері 40 жылға жуық болды.
Алып өндіріс кәсіпорындары 1990 жылдары, өтпелі кезеңде белгілі себептермен халі мүшкіл болып, ту-талақайға түскендей тағдырды бастарынан өткерді. Тіптен жабылып та қала жаздаған.
Бәрі де енді артта қалды.
Сол бір кезеңде барлық қиындыққа шыдас беріп, діттеген мақсатқа қол жеткізген азаматтар: «Мұқаштай мұзжарғыш жігіттер болмаса, қалай боларын кім білген?» деп өткен уақыттың артқан жүгін еске алады.
Бұл жүректен шыққан сөз.
Басшы көкбөрі болса, қосшысы көкжал болмай ма?
Данышпан бабалар аузынан шыққан бұл ұтымды сөзді Мұқаштарға қаратып айтқанына еш күмәніміз жоқ.
Кезінде Шераға – Шерхан Мұртаза жамбылдық кеншілер өмірінен «Қара маржан» романын жазып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанса, Әкім Тарази «Кен» деген романына Қаратау мен Жаңатас кеншілері еңбегін арқау етті.
Осы тақылеттес кітап жазылса, әрине, қазақ даласынан шыққан фосфор өндірісінің адамзат игілігіне қалай әсерін тигізіп отырғаны сөз болар еді, бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен бас директор бас кейіпкерінің бірінен табылар еді ғой деп қоямыз.
Қып-қысқа дерек келтіре кетер болсақ….
«Бас директор бөлмесі.
Таңғы сағат 8.00-де өндіріс жиынын өткізеді. Бір күнде атқарылған жұмыс есебі пысықталады.
Сағат 9.00. Зауыттың әр жұмысшысы мен инженер қызметкерлері бас директор алдында кәсіби аттестаттаудан өтуде.
Әр маман деңгейін басқа емес, өзі көз жеткізіп, бағалайды.
Сағат 17.00. Зауыттың спорт залдары мен спорт клубтарын бас дирек­тордың өзі барып көреді. Жұмысшылармен бірге жаттығады.
Сағат 20.00. Бас директор Тараз қаласын жаяу жүріп аралайды.
Ауыр атлетика залы. Бас директор 120 кило салмақты жұлқи көтерді».
Бір күнгі өмір кестесінің бір бөлігі осы.
Көркіне көз тоятын, сұңғақ бойлы, қара мұртты, кең иықты, мінезге бай, қолы ашық, керек кезінде тіке сөйлеп, әділдікке бәс тігетін азамат. Аузы дуалы, айтқан сөзі жерде қалмайды.
Көркем әдебиетте еңбек адамын жазу қызықтырмайды емес, қазіргі оқырман талабы мен талғамында болып жатқан тосын әрі уақыт еншісіндегі теріс өзгерістердің әсерінен кешеуілдеп жатыр.
Бұған қандай өкпе-наз бар? Задында осы жүйрік заманның адамы Мұқаң өзгеден оқ бойы озық үлгісі мен артықшылығын көрсету жағын өзара жарыс деп жорамал жасамайды.
Мына қалың дәу кітап біздің де қолымызға тиді. Ол – «Фосфорлы жол» деп аталады. Мұқабасына дейін әдемі көркемделген кітап «Казфосфаттың» жарты ғасырлық өндірістік тарихын және осы саланы көркейтіп, дамытуға аянбай тер төгіп, жанын да жұмсауға даяр тарландар рухын тірілткені – адалдықтың белгісі болып тұр.
Ұзын-ырғасы жүз мың адамның жеке өмірбаянымен жалғасып келе жатқан атақты кәсіпорында қазір 6300-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақысы – 150 мың теңге.
Аз ба, көп бе?
Бұл 2020 жылға арналған ұжымдық шартта «12-15 пайызға өсіріледі» деп тасқа басылған уәдемен ойып жазылған.
Осы зауытта жұмыс істеуге құлықты мыңнан астам адамның өтініші бар.
Аз ба, көп бе бұл?
Ойлануға тұрарлық цифр. Бұған ықпал етіп отырған аймақтағы әлеуметтік факторларды алға тартып айтуға болады. Себебінің бірі – зауыт жұмысшылары мен көп балалы аналарға нақты қосымша көмек көрсету немесе демеу жасау мәселесі қызығушылық туғызады. Мәселен, бұл мақсатта 162 миллион теңге қаржы бөлінді. Жылына 2300 адам демалыс орындарына барып қайтады.
Еңбеккерлердің 1,5 мың баласы өздерінің демалыс-сауықтыру лагерінде болады. Бәрі де кәсіпорын есебінен төленеді.
Келешегі мол жұмысшы жастар мен мамандар Франция, АҚШ секілді елдердің жоғары оқу орындарында оқиды. Республикалық жоғары оқу орындарында өз білімдерін жетілдіреді.
Аз ба, көп пе? 150 бала кәсіпорын есебінен жоғары оқу орнында тағылым-тәжірибесін ұштайды.

Жергілікті бюджетке «Казфосфаттан» түсетін салық – 16 миллиард теңгеден асып жығылады. Енді «аз» деген сөзді бұл жерде пайдалануға болмайды. Ал «көп» деген сөзді Жамбыл аймағында тілге тиек етудің ешбір айыбы жоқ.

«Казфосфат» – ел экономикасының тұрақты тірегі.
Біздің беделді бір әріптесіміздің жаңғыртып айтқан пікіріне орай осылай бірсыпыра айтуымызға ыңғайы келген.
Орталық Азия әлемінде әйгілі Әулиеатаның атақ-даңқы иман мен ізгілікті, құдіреті басым болуымен шықса, сол тарихи өңірде химия өндірісінің дақпырты дүниежүзін шарлап кетті. Жамбыл фосфоры 33 елге тарайды.
Бас директор, фосфор өндірісі саласының терең білгірі Мұқаш Ескендіров тыным таппай төрт құрлықты бірдей шарлап, алпауыт әріптестерімен тең иық тірестіретін іс-шараларға қатысып, істің иінін қандырып, абыроймен оралуы қалыпты тірлік.
Қаншама ғасырдан бергі адамдар «Төрт құбыласы түгел Ескендірдің Зұлқарнайы» әлемді билеген қолбасшыны өзіне лайықты биікке көтеріп келсе, ал біз осыған адами ізетпен «Аталарыңыздың бақытын берсін!» деп қоятынбыз.
Сол алысты болжай білетін ата-баба арманы ел тәуелсіздігінің арқасында орындалды.
Мұқаш достың ірі азаматтық абыройы ерен еңбегімен бәрінен де асып түсті.
Елбасы Жарлығымен оған еліміздегі ең жоғары – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Мұқаштай ақберен ұлдың бұл мерейі Әулиеатаның даңқын аспандатып, Тараз тарихына жаңа жол қосып, Жамбылдың абыройын асырды.
«Еліңде кімің бар?» десе, еш ойланбастан әуелі «Мұқаш Ескендіров бар!» деп айтамыз.
Жігіттің бабы мен бағы келіскені – құдай ақы, әркімге арман ғой.

Өмір деген – жол үсті

Біз онымен бірге Жамбыл өңірін талай мәрте араладық.
Меркіге бардық. Құланға жол түсті. Сарысу сапары болды. Талас төрінен табылдық…. Тараз қаласында ғылыми интеллигенция өкілдерімен кездесіп, мектеп оқушылары алдында сөз сөйледік.
Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты, атақ-даңқынан ат үркіп, еліктіріп жіберетін жанмен жүздесуге адамдар өте көп жиналады. Сұрақ пен жауап сағатынан үзінді келтірейін:
– Фосфор кені қанша жылға жетеді? – деп сұрайды.
– Қазақстанда 1 мың жылға жететін қор бар.
– Экологияны сауықтыруға қанша қаржы бөлесіздер?
– Жылына 2 миллиард теңгеден астам қаржыны береміз. Бірақ, ол қаржы мақсатты жұмсалып отыр ма? Мен ол жағын айта алмаймын.
– Жалған дипломмен жұмысқа қабылдай бересіздер ме ?
– Жоқ, ондай жандардың бізде жолы болмайды. Себебі, жұмысқа қабылдауды тікелей өзім жүргіземін. Бұл – бұлжымас тәртіп. Жалпы, диплом сату – өз ұлтыңа жасаған қастандықпен тең деп білемін…
– Ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жазуды қалай үйрендіңіз?
– Бәрі де қажеттіліктен туындайды. 1992 жылдан бастап шетелдік адамдармен араласып, жұмыс істеуге тура келді. Ағылшын тілі – бизнес тілі.
– Сіздіңше жақсы адам болу қандай талаптарға жауап беру керек?
– Мен кітапты көп оқитын адамдардың бірімін. Кітап – мәдениеттің мәйегі деп айтады. Адамдар образынан көп кісілікті көріп, сезінесің. Жат әрекеттерден арыла білсең, әрине, жақсы адам атанасың.
Атақты жазушы Шыңғыс Айтматов «Сәт сайын, күн сайын адам болудан асқан қиындық жоқ» дейді. Осы ақылды сөз адамдарға бәрін де ескертіп тұрғандай көрінеді.
– Сіз де албырт жас болдыңыз. Ал, қазіргі жастар туралы не айтасыз?
– Ата-бабалар аманатына сай айтсам, Отаныңды сатпа, тіліңді сақта!
Жаттанды сөздерді қайталағым келмейді.
Қоғам дамуы үшін әлеуметтік әділеттілік пен бірлік керек. Біз жастарға шындықты айтып, тәрбиелеуіміз қажет. Бос, даурықпа ұраншыл сөздің ешкімге тигізетін пайдасы жоқ.
Мәселен, біздің кәсіпорында жұмыс істейтін еңбеккердің 35 проценті 35-ке дейінгі жастар. Мен олардың осы заманғалайықты талабын сезінбесем, қандай басшы болғаным? Жастарға еңбегіне қарай лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Алғыр жастардың жолын тамыр-таныстықпен, қайдағы бір рушылдық-жерлестікпен емес, қарым-қабілетіне сәйкес адамдық қасиеттерімізбен ашуға тиіспіз.
Сонымен бірге, несін жасырамыз, жастардың бойында енжарлық, жалқаулық басым болып тұр. Масыл болудың да ұшқындары бар.
Бұл – тәрбие жұмысы ақсап тұрғанын көрсетеді.
Қазақ баласы оқыса, туған халқының келешегін ойлап, еңбек етсе, халқына жаны ашып жұмыс істеуі – ұлттық намысқа суарылған қағида болуын қадағалауымыз керек. Туған Отаныңа деген кіршіксіз сүйіспеншілік пен қамқорлығың шынайы адамдық қадамдарыңмен көрінсе, ол өз абыройың әрі өмірлік бақытың.
Не істесек те ар-ұятымызбен елімізге еңбек етіп, мәдениетті және арлы азамат болуға міндеттіміз деп ойлаймын. Біз атақты «Тойдан қайтқан қазақтар» пьесасындағыдай болмауымыз керек.
– Елімізге кеңінен танымалдық сізге қалай әсер етеді?
– Өзіме жақын жүретін немесе сырттай білетін адамдардың құрметпен де, сын көзбен де қарайтынын жақсы білемін.
Қалай десем керек?! Бойымда қандай жақсы қасиеттер бар, өмірде дәл солаймын. Әрине, қоғам алдындағы жауапкершілік бар, перзенттік парыз бар. Азаматтық парыз бар. Осының бәрі әрдайым өзіңнің адамшылық қасиеттеріңмен көрінуге күш-қуат береді.
Көпшіліктің сені ерекше сыйлағаны саған көп сенім артқаны деп білемін. Бұл менің бақытты отбасыма да тән. Өмірлік серігім – жан жарым да, ұл-қыздарым мен сүйікті немерелерім де ел-жұртқа танымал, сыйлы адамның әулеті екенін, әрине, мақтан етеді. Сол биіктікке лайықты болуды ойламай тұрмайды…
Қай аудан, қай ортаға барсақ та Мұқаңа қаратып айтылмай қалмаған өтініштерді естідік.
Меркіде қазақтың ардақты перзенті Т.Рысқұлов музейін жөндеуге 3 миллион теңге керек деді.
Жаны жомарт азамат көпшілік өтінішін аяқсыз қалдырмады.
Құланда. Ауыл шаруашылық колледжінің материалдық-техникалық базасын көріп, жаны ашыды.
Зертханалары мен студенттердің тәжірибелік орталығына жәрдем жасады.
Сарысуда. Жаңатас қаласында көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлерін несиеге алатын жұмысшыларына қолұшын беруге уәде берді.
Уәде – Құдай сөзі!
Таразда. Ықшамауданда спорт алаң­шаларын бірінен соң бірін салып берді.
Сарыкемерде. Зауыт есебінен жас түлектерді жоғары оқу орнында оқытып, кәсіби мамандығына сәйкес жұмысқа орналастыру жөніндегі ата-аналар ұсынысын қабылдады.
Халық қалаулысының 2019 жылғы қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді қызметі «Жомарт жан» байқауының бас жеңімпазы атануына себепкер болса, өзі бас директор кәсіпорынның әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастары бойынша ҚР Кәсіподақтар Федерациясы тағайындаған «Ең үздік әлеуметтік әріптес» атағына ие болды. Бұл жүлде Қазақстандағы өндіріс саласы бойынша берілген алғашқы жүлде болатын.
Беделді де дәулетті адам өмірінің әр күнін мағыналы өткізгісі келетіні белгілі.
Біздің Мұқаш жолдас қоғамға адал, барынша көп қызмет етіп, адамдарға жақсылық сыйлауды жан жүрегімен қалап, әрекет етеді. Басқалай бола алмайды.
Жамбылда келген жұртқа әрдайым есігі ашық бір мекеме болса, сол Ескендіровтің есігі дер едік.

Жомарт жүректің сыйы

Қазақ эпосының дені кәрі Қаратаумен кіндіктес екенін танимыз.
Қаратау – бүкіл бір халықтың елдігін талай рет сақтап қалған алтын діңгек.
Сол Қаратау – қаншама жылдан бері қазыналы өлкенің қара қазаны болып келеді.
Қарт Қаратау десе, қазақ баласы көп жағдайда кен қазып, фосфор өндіретін жұмысшылар өмірі мен қайнаған еңбегін елестетеді.
Меніңше, Тараз бен Қаратау дәулеті сарқылмас сайын сахара тәрізді, естіген жұртты іңкәр етеді.
Мұқаш Ескендіров Қаратау тарихына жетік адам. Кен көздерінің ашылуы жайы бөлек, халықтың төл тарихын тереңірек білуге құштар.
Өзінің жеке кітапханасында 3 мыңдай кітап бар.
Тараз бен Қаратауда кәсіпорынның кітапханасы шын мәнінде бай кітапхана. «Көктал» демалыс орнында оқу залы дегеніңіз құдды бір білім әлемінің сарайына ұқсайды. Өткен күзде белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің 6 томдық жинағын ала салысымен Қаратау кітапханасына жіберіп: «Бұл ақылды адамның кітабы. Сөреде жатып қалмасын. Оқырмандар конференциясын өткізуді ойластырыңыздар!» деп тапсырма беріп жатты.
Күндердің күнінде Мұқаштың кітапқұмарлығынан «Әдебиет порталын» ашып оқитынын көрдік. Адамның ақыл-ойы кітапқа түскен. Көп оқысаң, көзің ашылады. Білетін кісі ғой, бізден Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» сұратып алды, ел аузына іліккен ақын Есенқұл Жақыпбектің «Өтті өмір» кітабын іздеп жүріп тапты, Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын қайта оқуға кірісіпті.
Қазір жұрт кітап оқымайды, деп зар илеп жүрген жұрт Мұқаш достың «Кітап оқып, миллионер бол!» деген байқауға демеуші болып, қазақ әдебиетін оқыту мақсатымен 100 шығарманы оқуға ұсынған шарт болды.
Бүкіл Тараз мектебі кітап оқудан жарысқа түсті.
Содан ең көп кітап оқып, талқылау сынынан үздік шыққан оқушыға (бес айда 40 көркем кітап оқыған Қазына Әбдісейіт) 1 миллион теңге көлемінде бәйге жүлдесін өз қолымен тапсырды. Тағы 2 миллион теңге қаржыны өз қалтасынан шығарып, кітапқұмар балаларды марапаттады. Енді осы жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдап, ел аумағында өткізуді жоспарлап отырғанға ұқсайды.
«Жамбылдық жас ақындардың поэзиясы» жинағын және шығарып берді.
«Жыр қағаны» деген тақырыпта тарихи «Төрткүл» кешенінде кілең жас ақындардың мүшәйрасын өткіземіз, деп жанталасып жүгіріп жүрген жастар талай есікке бас сұғып, көңіл толатын сөз естімеген соң тағы да Мұқаш ағаларына жағдайларын айтып, көмек сұрайды.
Бұл жолы да Мұқаш ағалары мырзалық танытты. Сол жолы айтты дейді: «Тараз – шайырлардың шартараптан бас қосатын ордасы болған. Сол тарихи дәстүрді жаңғыртуға қанша керек, біз оны табамыз! Өлең жазған бала жаман болмайды!». Бұл рухани демеу бәйгесінде Нұрболат Жолдасбек «Жамбылдық жыр қағаны» атанып, ақшалай сыйлыққа молынан батты.
Біздің адамдар «Алтынды шыққан жерден қаз!» дейді.
Жақсы хабар жерде жатушы ма еді, Алматыдан ат сабылтып келгендер де аз болмады.
– Не болды, қарақтарым?! – дейді.
– Арманда кеткен атақты боксшы Әбдісалан Нұрмаханов жайында жазылған жинақ дайын тұр еді. Басып шығаруға мұршамыз келмей тұр. Уәде берген кісілер болған еді. Иә…
– Жә… Әбдісалан ағамыздай алтын жұдырықты боксшыны қадірлемесек, кімді қадірлейміз, – деген Мұқаң сөзге келген жоқ, әп-әдемі «Намыс найзағайы» кітабын жарыққа шығаруға қаржылай қолдау көрсетті.
Мың болғыр Мұқаш Ескендіров әдебиет пен өнер саласын қолдау мәселесін меценаттық іс демей, әрбір дәулетті кісінің қолынан келетін қарапайым парыз биігімен қарайды. Айта берсек, осымыз артық-ау деп, тартынып қаласың, әйтпесе жергілікті телеарналар мен толып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың, спорттық ұйымдар мен мектеп ұжымдарының игі қадамдарына жеке қаржылай қолдауының өзі бір төбе.
Дәл бүгіндері Жамбыл жерінде Мұқаш Зұлқарнайұлы шын мәнінде қоғамдық-саяси лидердің бірегейі, тұғыры биік көшбасшы тұлға.
Менің Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Қайнар Олжай деген журналист-публицист досым бар. Екеуміз университетте бес жыл бірге оқығанбыз.
Тап қазір зердесі сан мың жол өлеңді жатқа айтып, жүздеген жазушы кітабы кейіпкерлерінің сөздерін де жолма-жол келтіре алатын Қайнардың журналистика мектебіндей ізашар мектеп сирек. Сол достың «Қой бағу қиын» (өзі 2 жыл шопан болған) деген деректі романы – өмірді қаз-қалпында шеберлікпен суреттеудің үздігі деп айтылып жүр.
Ал, Жамбылда алпыс асулы ел ағасы биігіне көтерілген Ескендіровтің халықтық университетінде оқып жүргендей сезінеміз. Себебі, оның елдік мүддедегі сөзі мен ісі бүтін бір аймаққа жүріп тұр. Арлы азаматтың өмір жолы «Елін сүйген Еңбек Ері» деп атайтын дүниеге арқау болары анық.
«Қой бақсаң да ой бағасың» деп жүрген Қайнардың «Естен кетпес Ескендіров» деген жазбасын сәті түсіп оқығымыз келеді.
«Сен Ескендіровты қайдан білесің?» деймін Абай елі перзентіне. Оның аңғарымпаздығына шек жоқ шығар. «Өзің де білесің, – дейді ой қыраны Қайрекең – Таразға қарай жолы түсіп барған кім-кімде фосфор зауытына соқпай кетпейді». Жер-жаһанды кезіп, шарлап жүрген журналист «Фосфорсыз – өмір жоқ» деп минералды тыңайтқыштың мың түрлі маңызын жіліктеп жинап қойып, енді жазар дүниесіне кейіпкер іздейді.
Біраз жыл бұрын журналистік сапармен «Казфосфатта» болған кезімде екі көзі оттай жанып, бойында күш-қуаты толысқан директор жігіттің: «Қазақ жұмысшысы күшті және өте ақылды болу керек» деген екі ауыз сөзі есімде қалып қойыпты. Бұл кеңінен толғап айтар заман тақырыбын елімізге әйгілі Мұқаштай ұлтжанды алпауыттар айтуға тиіс, дейді ақмылтық журналист. Оны жұртқа үлгі, қайраткер азаматтың образы қызықтырады. Әдеби тілмен айтсақ осылай. Біз болсақ, кәнігі журналисті фосфорлы өлкеге шақырдық.
Айтары жоқ әңгіме, магниттік тартылыс заңы секілді Үкімет те, қарап тұрсаңыз Парламент те, министрлік те «Жамбылға барсаң, фосфор зауытына соғуға тиіссің!» деген «нұсқау» алғанға ұқсайды.
Бұл ел арасында жайдан-жай айтылмайды.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

«ARAI» газеті 

23 қаңтар 2020 жыл, №3 (742)

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.