A place where you need to follow for what happening in world cup

Байзақ ауданының әкімі майдангерлерді құттықтады

22 401

Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы алапат Ұлы Отан соғысы жылдарында бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады.

Бүкіл жер-жаһанды дүрліктірген екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың да аяқталғанына, міне, жетпіс бес жыл толды. Сол бір қаһарлы жылдардың куәгерлері – ардагерлер қатары да тым сиреп барады.
Осынау айтулы күнге орай, ауданымызда ауқымды іс-шаралар белең алуда. Кеше, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Имановалар Жақаш ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері, екінші топтың мүгедегі Өнербай Молдабаев пен жетібайлық қарт майдангер Рахымжан Мамырайымовтың отбасына барып, майдангерлерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, қазыналы қарияларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған құттықтауын хатын табыс етті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында аға ұрпақ — Өнербай Молдабаев пен Рахымжан Мамырайымов сынды тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі — өнеге болып табылатынын атап өткен.
Нұржан Молдиярұлы мерекелік сыйлықтарын беріп, қарт жауынгерлердің денсаулығын, хал-жағдайларын сұрап, олармен емен-жарқын әңгіме құрды. От пен оқтың арасынан аман оралған қарт майдангерлер жауынгерлік жолдарынан естеліктер айтты. Елімізге бейбіт өмір, ашық аспан тілеген қарт сарбаздар осындай айтулы мереке қарсаңында елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен ел Президентіне, «Nur Otan» партиясы мен аудан басшылығына алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.