A place where you need to follow for what happening in world cup

Бәйдібек баба ескерткіші бой көтерсе…

26 505

Киелі Шу өңірі ежелден қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға бай өлкенің бірі. Аймақтың еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының құрылуымен тұспа-тұс келеді. Яғни 1457 жылғы жаз мезгілінің соңында Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтан қарамағындағы ұлыспен Моғолстанға қарай көшеді. Шудың төменгі бойында қыстап шығып,1458 жылдың көктемінде Қозыбасыда (Хантауы) Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. 1975 жылы жарыққа шыққан Қазақ-Совет энциклопедиясының 6-томындағы алғашқы қазақ хандығы картасының территориясына зер салсақ, оған Балқаш көлі мен Мойынқұм ауданының түстігі және Хантауын қамтитын қазіргі Шу ауданының жері тұтастай енген екен.

Осы деректерді ескере келе, ауданның сол кездегі әкімі Рүстем Дәулетке өтінішпен шығып, 2016 жылы Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдығы қарсаңында аудан орталығындағы алаңға Керей-Жәнібек хандар мен Алтын адам және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған «Тәуелсіз Қазақ елі горельефін» орнатуға қол жеткіздік. Жаңадан отау көтерген жастар осы ескерткіш маңында суретке түсіп, Тәуелсіздік мерекесі күндері салтанатты жиын өтіп, гүл шоқтарын қою дәстүрге айнала бастады. Дейтұрғанмен, өткен жылдан бері аудан орталығындағы осы алаңға ардақты бабамыз – Бәйдібектің ескерткішін орнату туралы мақалалар «Шу өңірі» газетінде бірнеше мәрте жарияланып келеді. Әруағынан айналайын, ұрпағы бірнеше миллиондаған адамға жеткен Бәйдібек бабамыздың рухын елімізде құрметтемейтін пенде кемде-кем шығар. Сонда да біздің айтпағымыз, аудан орталығы — Төле би ауылының өзінде 50 шақты ескерткіш-мүсіндер бой көтеріпті. Іргеміздегі Шу шаһарының өзінде қаншама ескерткіш тұрғызылды. Осыларды ескеріп, Бәйдібек бабаның ескерткішін қосарландырып, орталық алаңға әкеп орнату қалай болар екен деген ой келді. Атап өтерлігі, «Республикалық ономастикалық комиссияға ұсынылатын тарихи жер-су атаулары мен тарихи тұлғалардың» тізіміне Бәйдібек баба енбей қалған.

Өткен жылы халықаралық Ташкент-Нұр-Сұлтан-Бішкек күре автожолының негізгі тармағы Бурылбайтал-Меркі аралық бөлігінің құрылысы басталып та кеткен. Мына жайтты да ескерсек, Тараз қаласының орталығында сәулетті Бәйдібек баба ескерткіші де орын тепкен. Сондықтан ертеңгі күні көршілес өзбек, қырғыз елдерімен жалғастыратын магистральды жолдан қалтарыста қалатын Төле би ауылына қабаттастырып қыстырмай-ақ, осы халықаралық күре жолдың бойындағы өзі аттас Бәйдібек ауылы маңына орнатып, ескерткіш төңірегін абаттандыра-көгалдандырып, демалыс орнына айналдырылса, көршілес мемлекеттер мен басқа өңірлердің жолаушылары да тамсана-тамашалаған болар еді. Тіптен, Бәйдібектің бел баласы Дулат ата кесенесі де Құлан ауылының тұсындағы күре жолдың бойына тұрғызылған жоқ па?! Ал, өткен жылғы алқалы жиындарда көтергеніміздей, аудан орталығындағы алаңға «Мәңгілік ел» немесе «Қазақ елі» атауын бергеніміз дұрыс шығар. Бұл ретте Шу ауданының құрылғанына 90 жыл толуына айтарлықтай тарту жасалынып, сондай-ақ, өзге ұлттардың этнос өкілдеріне біздің еліміздің тарихын қадірлей түсіністікпен қарауларына, сонымен қатар жастарымызды отансүйгішті ұлтжандылыққа тәрбиелеудің алғышарттарын да қалаған болар едік…

Мәкен Уақтегі, Базарбай Асқартегі,

Шу ауданының Құрметті азаматтары.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.