A place where you need to follow for what happening in world cup

Антына адал арнайы жасақ

222

Елді дүр сілкіндірген Қордайдағы орын алған жағдайға айға жуықтады. Қайтыс болғандардың жаназасы шығарылып, зардап шеккендер ауруханадан үйлеріне жіберіліп жатыр. Қордайға бірінші болып барып, «шайқастың» ортасында болып, жарақат алса да соңына дейін тұрған – жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ары қарай СОБР) жігіттері. Осы тұста қақтығыс ошағында болған Жамбыл облысы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, капитан Алмас Боранбайұлымен сұхбаттасқан едік.

–  Алмас Боранбайұлы, Қордайдағы төтенше жағдайға байланысты сигнал қай кезде, қай уақытта түсті және сіз ол уақытта қай жерде болдыңыз?

–  Сағат 17:40 шамасында қоңырау түсті. Біз ол кезде «Динамо» спорт кешенінде жаттығып жатқанбыз. Біз жедел түрде  сағат 18:00-де жедел шығып кеттік.

–  Сіздер оқиға орын алып жатқан маңға қаншада жеттіңіздер?

– Шамамен сағат 21:40-та жетіп, жұмысымызға кірісіп кеттік.

– Сіздер жеткен кезде Масанчидегі жағдай қандай еді?

– Біз келген кезде Масанчи ауылында толқулар басталып дүнген азаматтары мен қазақ азаматтары бір біріне тас лақтырып, дүкендер өртеніп жатқан.

– Сонда сіздер келгенше Масанчи ауылында өрт болып жатқан еді, солай ма?

– Біз келгенде Масанчи ауылындағы үлкен дүкендерде өрт болып жатты. Келген бетте Қаракемер ауылында тұратын адамдарды ары қарай қуып, ал дүнген азаматтары өздері шет жаққа қарай шығып кетіп қалды. Сол жерде бір сағаттай уақыт жұмыс жасадық. Содан кейін бізді Бұлар батыр ауылына шақыртты. Ол жаққа барған кезде дүнген азаматтары мен қазақ азаматтары бір біріне қақтығысып жатқан болатын.

– Сіздерге көмек кеш келді ме?

– Ол жерде шындығында,  ең бірінші болып біз келдік. Қатарымызда 30 адам болды.  Жасақты полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев және полиция подполковнигі Қанағат Райқұлов бастап келді. Жалпы,  дүнген азаматтары да, қазақ азаматтары да екі жақта көп. 15-міз дүнген азаматтарға, қалғанымыз қазақ азаматтарымен екі жақта да жұмыс жасадық. Бір біріне күш көрсетпесін деп жанталастық. Біздің сарбаздар да жараланды.  3- сағаттай жұмыс жүргіздік. Одан кейін Қордай ауданының полициялары болды. Қақтығыс таңғы беске дейін жалғасты.

– Сіздерге көмекке басқа жақтан қызметкерлер келді ме?

– Шу және Меркі аудандарынан келді. Олар келген кезде екі жақтың да демонстранттары  басыла бастаған.  Таңғы 5-те барлық жақтан көмек келе бастады. Әскери бөлім қызыметкерлері және Алматы қаласынан арнайы жасақ келді.

– Біздің білуімізше, Алматы қалалық полиция басшысының орынбасары таңертең келседе жарақат алып қалды. Ал бізден барған 30 жігіттің қаншауы жарақат алды?

– Біздің жігіттерден 9 сарбаз жарақаттанды.

– Жарақттардың сипаты қандай?

– Дені суық қарудан, атылған оқтан. Олар сол жерде жарақат алса да, өз міндеттерін соңына дейін атқарды. Бір сарбаздың басына тас тиді, бетінен соққы алды, сондай түрлі-түрлі жарақаттар болды. Енді бір аса ауыр жарақат алғандар болған жоқ.

– Сіздерге  демонстраттардан оқ атылды ма?

– Ол жерде оқтың қай жақтан атылып жатқанын аңғару қиын болды. Себебі қақтығыс түнгі мезгілде орын алды.  Бірақ тап біздің тұсқа оқ атылғанын  байқаған жоқпыз.

– 15-15  адамнан бөліндіңіздер ғой.  Бөлінгенде дүнгендермен жұмыс жүргізген  СОБР сарбаздары жарақаттанып отыр ғой?

– Иә, солар жарақаттанып отыр.

– Сіз өз қызметіңізді атқарып жатырсыз, ел бар, жұрт бар, осы ағайын туыс бар. Ең алдымен полицияға, СОБР-ға келу үшін қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

– Мемлекетке қызмет атқарып отырғандықтан, ең бірінші міндет – халыққа қызмет көрсету, бейбітшілік орнату. Егер халық тыныш болса,  бәрі жақсы болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Жамбыл облысы ДП-ның қызметкерлерінің дене жарақаттарымен  орталық ауруханаға жеткізілгендер:

  1. Жамбыл облыстық СОБР инспекторы полиция аға лейтенанты Сәбит Ардақ — «аяғындағы оқтан жарақат» диагнозы;
  2. Жамбыл облысы бойынша СОБР СПП инспекторы полиция аға лейтенанты Наурызбаев Нұржан — «аяғынан мылтықпен жараланған»;
  3. Жамбыл облысы бойынша СОБР Қолбасшысы, полиция подполковнигі Қанағат Райқұлов — «оң жақ санынан мылтықпен жараланған»;
  4. Жамбыл облысы бойынша СОБР ДП аға инспекторы, полиция капитаны Мамыралиев Байназар — «оң қолына оқ атылды»;
  5. Жамбыл облысы бойынша СОБР ДП бас инспекторы, полиция капитаны Байрамов Рашид — «рваная рана правого века»;
  6. Жамбыл облысы бойынша СОБР СПП инспекторы, полиция аға лейтенанты Сейдуалиев Ерлан — «оң аяғынан мылтықпен жараланған»;
  7. Жамбыл облысы бойынша СОБР ДП аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Орынбаев Алмұхан — «екі аяғындағы оқтан жарақат алды»;
  8. Жамбыл облыстық СОБР инспекторы полиция аға лейтенанты Ислам Жаманқұлов — «бетте және сол жақ аяғынан мылтықпен жараланған»;
  9. СОБР ДП-нің жүргізушісі, Жамбыл облысының полиция аға сержанты Алматов Мейрамбек — «сол қолындағы оқ жарасы».

Сұхбаттасқан Исламбек Дастан

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.