A place where you need to follow for what happening in world cup

Таразда республикалық пікірсайыс турнирі өтті

846

Таразда «Тәуелсіздік толғауы – жастардың жарқын қолдауы!» aтты оқушылар мен студенттер арасында республикалық Jambyl CUP I пікірсайыс турнирі өтті.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға басқарма басшысы С. Берікқожа және еліміздің түкпір-түкпірінен келген тәжірибелі төрешілер мен жас пікірсайысшылар қатысты.

Республиканың барлық өңірінен 82  команда қатысты. Пікірсайыста әлемдік және еліміздегі болып жатқан жағдайлар барысы бойынша көзделген мәселелер қаралды: аз қамтылған отбасы мүшелерін жұмысқа алу, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі жайлы, адамдар арасындағы  ауыр қылмыс жасау, таяу шығыстағы мемлекеттердің тұрмыс тіршілігі жайлы, адамзаттың этикалық көзқарастары. Одан бөлек, жастардың бойында коммуникативтілікті арттыру, командада жұмыс істей білу сынды қасиеттерді қалыптастыру көзделді.
Аталған мәселелер бойынша қатысушылардың көзқарасы бойынша жастар тарапынан мәселенің шешу механизмі мен тың идеялар ұсынылды. Турнир жеңімпаздарына жүлде қоры 600 000 теңге болатын ақшалай сыйақы берілді.

Облыстық оқушылар лигасының төрағасы Ерзат Сәбит алғаш өткен Jambyl CUP I туралы:
«Аталған пікірсайыс турнирі өте тартысты өтті. Қатысушылардың деңгейі де жоғары. Тіпті бағалауға келгенде сәл қиналып қалған тұсымыз да болды. Дебатта таңдалған қарарлар әлемде және қазақстанда болып жатқан жағдайлар барысында алынды. Республикалық турнирге Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Түркістан қаласы мен Қызылорда, ШҚО, Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе облыстарынан келіп қатысты. Тараз қаласына келместен бұрын, барлық қатысушыларға ПТР тесті міндеттелді. Ойын барысында да карантиндік режим қатаң сақталды. Пікірсайыс  қоғамға  маңызы жоғары, саяси сауаты бар тұлғаларды дайындаса, ал пікірсайыс ойнау – жеке тұлғаға  эрудитті деңгейде ойлануға, объективті көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Елімізде пікірсайысқа ерекше көңіл бөлініп жатқандығы қуантады» — дейді.
Jambyl CUP I пікірсайыс турнирінің жоғары деңгейде өтуіне «Еркін пікір» ЖҚБ және Халықаралық Тараз инновациялық институты атсалысты. ХТИИ республиканың түкпір-түкпір келген жас жеткіншектер мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз етуге көмектескен болса, «Еркін пікір» ЖҚБ келген қатысушылардың денсаулық жағдайы мен ойынның тартысты өтуіне жауапты болды.

«Еркін пікір» ЖҚБ 2010 жылы құрылып, пкірсайысқа қызығышуылығы бар әрбір жасты өздерінің құрамына қосып, осы күнге дейін республикаға облысымыздың атын әйгілеп жүр. Jambyl CUP I турниріне облыста дебат ойындарының дамуына үлес қосқан Е.Мадияров, У.Болатбек, Е.Әбуғали, А.Олжабаев, Д.Тұрсыналы, Б.Құтжан сынды пікірсайысшылар да келіп қатысты.
Ойын нәтижесінде 1-орын Алматы және Нұр-Сұлтан қаласынан келген “ЦугЦванг” фракциясы (Жапар Әли, Уалиев Даулет), жүлде қоры 300.000 теңге, 2-орын Алматы қаласының командасы “Жұмабек Ташенов” (Сарсенбаев Архат, Нурсултан Нурсипат) жүлде қоры 200.000 теңге, 3-орын “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” алматылық команда (Тастанбеков Данияр, Мырзатай Жансерік) жүлде қоры 100.000 теңгемен марапатталды. Турнирдің ең Үздік спикері алматылық Жандос Әмре. Ең Үздік төреші номинациясын тараздық Саурамбаев Бектас жеңіп алды.

Жандос Әмре, Jambyl CUP I турнирінің үздік спикері:

Жандос, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Түркістан қаласының тумасы болғаныммен, Тараз қаласының Назарбаев Зияткерлік Мектебінің түлегімін. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы UIB университетінің студентімін. 2016 жылдан бері дебат ойнауды UIB қазақ пікірсайыс клубынан бастадым.
– Пікірсайыс ойнау сізге не берді?
– Ең бірінші білім алдым. Әр дебат ойынында сіз қандай да бір деңгейде білім аласыз, қандай да бір тақырыпқа қатысты сіздің дайындығыңыз бар, қарсыласыңыздың дайындығы бар, ортаға тасталған ақпараттың барлығын тезірек есіңізде сақтап, анализ жасап үйренесіз. Екіншісі, тұлғалық даму! Дебат арқылы адамның харизмасын дамытуға болады. Ал жалпы алсақ дебатта жүріп  критикалық ойлау, практикалық білім жинап, ойын үстінде адреналин аласыз.
– Қай уақытқа дейін пікісайыс ойнау жоспарыңызда?
– “Дебатты ойнау” деген термин маған ұнай бермейді, “дебатта болу” деген тіркес көбірек мағына береді. 1997 жылы Wiley колледжінің студенттері әлемдік элиталардың алдында өздерінің мақсаттарын, қалауларын айтуға, Гарвард студенттерімен дебатқа түсуге қатты дайындалады. Сол мықты дайындықтың, дебатқа деген махаббатың нәтижесінде ол студенттер 13 жыл бойы ешқандай жеңіліс көрмейді. АҚШта қара нәсілді адамның құқықтарын қайта еске салып, позициясын анықтап береді. Ал сол жастар дебаттың ортасында болып бірі дипломат, бірі елдің қамын ойлайтын белсенді болып шығады. Жерге қараған адам қалмайды. Адам әрдайым дискуссия мен перспективалық ойлардың арасында болады. Бірақ, олардың маңыздылық деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Дебат – өмірден де маңызды.
– Jambyl CUP-тан алған әсеріңіз туралы айтсаңыз
– Тараз қаласының пікірсайыс турнирлерін Қазақстанның әр пікірсайысшысы абыройлы турнир деп есептейді. Ал бір қызығы Тараздағы қандай турнир болмасын ұйымдастыру деңгейі жоғары болады. Әсіресе, күтіп алып, шығарып салып жатқан гидтерге рақметімді айтамын»
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Пікірсайыс бойынша: елдегі пікірсайыс ойындарының халық және билікке әсерін көбейту бойынша жұмыс жасау. Жеке өмірге қатысты: басшылығында жүрген жобаларымды дамыту бойынша жұмыс жасаймын.
– Рақмет!

Пікірсайыстың негізгі мақсаты – жастардың ұйымдастырушылық және критикалық ойлауын дамыта отырып, еліне елеулі қызмет ететін болашақ көшбасшыларды дайындау. Пікірсайысшыларға дебат технологиясы бойынша тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру. Сонымен қатар, Қазақстандық қоғамдағы және әлемдік қауымдастықтағы көкейтесті мәселелерді көпшілік алдында талқылау мен сараптау жолдары арқылы, жастардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділіктерін арттыру.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.