A place where you need to follow for what happening in world cup

Университет оқытушылары түзеу мекемесінде дәріс оқыды

294

Қай заманда болмасын сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы – адамның рухани байлығын арттыру, адамгершілігін өсіру, адами қасиеттерін арттыру. Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Рухани тәрбие – өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте Қазақстан Республикасында жеке адамның рухани мүмкіндіктерін ашу, адамгершілікті қалыптастыру, әрбір адамды дамыту үшін барынша жағдай жасалып келеді.

Рухани кемелдену, тұлға ретінде даму шараларымен ел болашағын жарқын етер жас ұрпақ та, өмір жолында шалыс басып, жазасын өтеп жатқан азаматтар да шет қалып жатқан жоқ. Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде өткен жиын осыған нақты дәлел болды.

Мекеме бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев бастамашы болған тәрбиелік маңызы зор шараның өтуіне мекеме бастығының тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша орынбасары, әділет майоры Әміржан Дәулетқұлов та сүбелі үлесін қосты. Басқосуда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті Психология және педагогика кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Ләйлә Алпысбай мен Гүлсара Әбдібаевалар бірқатар тақырыптарда дәрістер оқыды.

Атап айтқанда, білім ордасынан арнайы шақыртылған лекторлар «Рухани құндылықтарды жоғалтпау», «Күйзелістен шығудың жаңаша жолдары», «Коронавирус ауруын жұқтырған жағдайда үрей-қорқыныштан қалай арылу керек?», «Өзіңді-өзің бағалау әдіс-тәсілдері» секілді танымдық тақырыптарда дәріс оқыды. Сондай-ақ, жиын барысында аталған тақырыптарға орай дайындалған қысқаметражды фильмдер көрсетіліп, оқытушылар жазасын өтеушілер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.