Бүгін Шу қаласы тұрғындарының алдында аудан әкімі Нұржан Календеров есеп берді. Алдымен жұртшылыққа ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, алдағы ауқымды міндеттермен таныстырды. Жыл көлемінде қаладағы 49 көше жөнделген. Қалада орналасқан «Теміржолшылар» және «Жеңіс» саябақтары қайта жаңғыртудан өтіп, көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласына 22 балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңшалары (Қонаев, Шакиров, Панфилов, Түйебеков, Макаренко көшелері) салынды. Сонымен бірге Шу қаласындағы көпқабатты 9 үй ағымдағы жөндеуден өткізілді, оның 5-і бюджет есебінен, 4-і демеушілер есебінен атқарылды. Бұдан бөлек, Шу қаласындағы Қосқұдық мөлтек ауданында ауыз су құбырын тарту жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Ал, Қант зауыты мөлтек ауданына су құбыры желілерінің құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аудандағы бірнеше елді мекендердегі интернет байланысының сапасы да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осыған байланысты 2021 жылға Тасөткел, Аспара, Балуан Шолақ, Далақайнар ауылдық округтерінде «Транстелеком» АҚ-ның жылдамдығы жоғары интернет желісін жүргізу жоспарлануда.
Жиын барысында тұрғындар ұсыныс-пікірлерін айтып, сауалдарын қойды. Тұрғындар тарапынан қаладағы көше жолдары, балалар ойын алаңшаларын салу мәселелері айтылды. Аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатындығын жеткізді. Қала тұрғындары жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға жақсы баға беріп, қала әкімшілігінің өңірді өркендету жолындағы қызметтеріне алғыстарын білдірді.