A place where you need to follow for what happening in world cup

Әлеуеті зор әлеуметтік құжат

184

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы қазақстандықтар асыға күткен маңызды құжат болды. Болашаққа құрған мақсаттарымыз бен іргелі жобаларымыз ойдағыдай орындалып, әлемнің озық ойлы отыз елінің қатарына қосылуға деген қарқынымыз күн санап артып келеді. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімей, нәтижені бағамдап, кемшіліктерді саралап, жаңғыруға бағытталған жүйемізді асқан көрегенділікпен жаңашалап отыруды жөн деп білеміз.

Президент Жолдауда қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталып, оған жетудің нақты міндеттерін белгілеп берді. Жолдаудың ең басты тартуы ұстаздарға бұйырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұстаздардың жалақысы көтерілетіндігін жеткізді. Одан бөлек, педагог мәртебесі заңы жүйелі қолға алынатындығын атап өтті. Оның өзегіне оқушылар мен мұғалімдердің оқу жүктемесін мейлінше азайту алынбақ, нәтижесінде білім сапасы артатын болады. Педагогтарымыздың педагогикалық-психологиялық құндылықтары лайықты бағаланып, кәсіптік-азаматтық жауапкершілігінің артуына, олардың өмір салтының жақсаруына әсер етеді. Сондай-ақ, мұғалімдерді қоғамдық жұмысбастылықтан түбегейлі арылту көзделмек. Еліміздің ертеңгі күні биіктен көрінуі, өзге елмен терезесінің тең болуы сапалы білімге байланысты. Мұғалімдердің жалақысын көтеріп, оларға жағдай жасалса, білім саласының қызметкерлері оқыту сапасын арттыруға, жастардың тәрбиелі болуына және жаңа инновациялардың игеріліп, еліміздің көркейе түсуі үшін барын салып қызмет ететініне сенімдімін.

Қазіргі таңда еліміздегі мектептердің білім беру сапасы артып, Назарбаев мектептерімен теңестірілуде. Тіпті қазірдің өзінде Назарбаев мектептеріндегі оқыту бағдарламалары жалпы білім беретін білім ордаларына енгізіліп жатыр. Олардың әдістемесі, бағдарламалары, соның ішінде білім мазмұны енгізілуде. Атап айтар болсақ, жаңа технологиялар-роботтандыру мен автоматтандыру сияқты еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды жандандыру мақсатында ауданымызда ІТ, робототехника кабинеттері жұмыс жасап тұр. Аудан мектептері толыққанды сымсыз интернет желісіне қосылып, «электронды күнделік жүйесі» барлық мектептерде енгізілді. Білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын әлеуеті зор әлеуметтік құжат деп білеміз.

Гүлбарам ТҰРЛЫБЕК,

№40 мектеп-лицейінің директоры,

Шу аудандық мәслихат депутаты.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.