A place where you need to follow for what happening in world cup

Жалпақтөбеде мәдениет үйі пайдалануға берілді

8 575

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Жалпақтөбе ауылында 180 орынды мәдениет үйі халық қажетіне берілді. Небәрі үш айда тұрғызылған өнер ордасына Бердібек Машбекұлы тікелей бастамашы болған. Құрылыс сапасын назарға алып, өз бақылауында ұстады. Бұл көріністен әкімнің сазгердің рухына деген ыстық ықыласы, ерек құрметі сезіліп тұрғандай. Өйткені, халыққа тамаша әндер сыйлап, елдің сүйікті сазгеріне айналған композитор, вальс каролі Шәмші Қалдаяқов осы ауылда 18 жыл тұрып, қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ал ауыл тұрғындары ұлы сазгердің осында тұрғанын әрдайым мақтанышпен айтып, себезгі естеліктерін жастарға жеткізіп отыратын көрінеді. Дүнген ұлты өкілдерінің арасында жүрген сазгердің «Дүнген қызы» әні осы ауылда дүниеге келсе, «Мойынқұмда» тағы басқа да ел сүйсіне тыңдайтын әндері осында жазылған.
Аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаеваның айтуынша, ауданда бүгінгі нысанды қоса есептегенде 5 мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб жұмыс істеп тұр. Мұнда 10 адам жұмысқа қабылданып, 3 үйірме ашылмақ. Бұған дейін ауылдық округ әкімдігінің ғимаратынан орын тапқан кітапхана да осында көшірілген. Алдағы уақытта цифрандырылған ақпараттық орталық тұрғындарға қызмет көрсетпек.
Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған ғимараттың құрылысын «Сырым блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Оған жергілікті және облыстық бюджеттен 213 миллион теңге бөлінген. Жаңа нысанның ашылуында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
– Әрбір адамның өмірінде өнердің, әдебиеттің, мәдениеттің алатын орны бөлек. Себебі олар бізге қосымша күш, қайрат, жігер береді. Өнерімізді өзге жұрттарға танытады. Сондықтан да мемлекет осы салаларға әрдайым көңіл бөліп отырады. Қазір қазақты, Қазақстанды бүкіл дүние жүзі біледі. Біздің өнер қайраткерлері шет мемлекеттердің ең үздік деген сахналарында өнер көрсетіп жүр. Ақын-жазушыларымыздың шығармалары көптеген тілдерге аударылған. Кішкене ғана мысал, Димаш Құдайберген баламыз, дүние жүзіне қазақтың атын шығарып жүр. Сондықтан біз әруақытта өнер салысына, әдебиетке, мәдениетке қол ұшымызды созуымыз керек. Оның үстіне өсіп келе жатқан ұрпақты ата-баба дәстүрімен, үрдісіменен тәрбиелеуміз керек, – деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін ауданның Құрметті азаматы Хаби Бейболов сөз сөйлеп, бұған дейін бұл ауылда мәдениет үйінің болмағанын айтып, халық атынан рақметін жеткізіп, мәдениет үйіне халық композиторы Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілсе деген ұсыныс алға тартты.
– Қазақ өнерінде, музыкасында Шәмші Қалдаяқовтың орны бөлек, – деді Бердібек Машбекұлы. – Жалпақтөбенің азаматтары қуану керек. Шәмші ағамыздың осы ауылда 18 жыл тұрғанын. Егер мына ауылдың тұрмысы төмен болса, осы ауыл халқы жылы шырай танытпаса сазгер көп жыл тұрмас па еді?! Осы жерде «Дүнген қызы» деген әнді жазды. Шәмшінің алдында біз бәріміз бас иеміз. Оны біз көбірек насихаттауымыз керек. Келешекте аядай ауылдан қайраткердің ізін басар буын шығады. Бұл сауалыңызды ономастикада қарап, Үкіметке жолдаймыз. Үкімет қолдаса, Шәмші Қалдаяқов есімі берілетін болады, – деген өңір басшысы ғимараттың іші-сыртын аралап шықты.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.