Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/1 (тергеу изоляторы) мекемесіндегі арнайы контингенттер арасында «артық білім кітапта, ерінбе оқып білуге» қағидатын ұстанатындар жеткілікті. Сол себепті, мекемедегі кітапханада жинақталған 2000 данадан астам кітап қорының ішінде сүбелі шығармалар мол.
Жуырда аталған мекеменің кітапхана қызметкері Айгүл Тыныстанова Тараз қаласындағы екі кітапхана басшылығына хат жазып, тергеу изоляторындағы кітапхана қорын құнды кітаптармен толықтыруды сұраған. Облыс орталығындағы Абай және Шоқан сынды алыптардың есімін иеленген қос орталықтандырылған кітапхана басшылығы бұл өтінішті құп көріп, мекемеге 400-ден аса кітаптарды сыйға тартқан.
— Мекемеге кітап тарту еткен кітапхана басшылықтарына алғысымызды білдіре отырып, ең сабырлы ұстаз саналатын кітаптың жазалы жандардың түзу жолға түсуіне септігін тигізетіне сенім мол, — дейді ЖД-158/1 мекемесінің кітапхана қызметкері Айгүл Аязқұлқызы.
Құндыз Ахашева,
ЖД-158/1 мекемесінің психологы