A place where you need to follow for what happening in world cup

Экобелсенділер Мойынқұмда алғаш рет аққайың отырғызды

179

Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында еріктілер тұңғыш рет аққайың ағаштарын отырғызды. Шырша ағаштары да отырғызылыпты. Жергілікті экобелсенділер карантин уақытында осы шараның қалай жүзеге асырылғанын баяндап берді.

«Биыл еріктілер жылы аясында республика бойынша көптеген жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі Birgemiz: Taza Alem жалпыұлттық жобасының шағын гранттары. Онда бірнеше бағыт бойынша экологиялық қозғалысты дәріптеді. Біз соның ағаш отырғызу бойынша грант жеңімпазы атандық. Енді нағыз қызық басталды, өйткені менде де, достарымда да аса бір тәжірибе болмаған еді. Ағаш отырғызуды зерттеу, еріктілер тобын құру, есеп-қисап құжаттарын рәсімдеу сынды мәселелер өз ретімен шыға берді», — дейді Айдос Қосыбаев.

Айдостың айтуынша, осы шараны іске асыруға карантин кедергі болған.

– Жазда интернеттен ағаш түптерінің бағасын зерттедім. Сол бойынша өзімнің аз-маз жоспарымды құра бастадым. Карантиннің әсерінен болар, көптеген ағаш өсіріп сатушы кәсіпорындарда мен іздеген ағаштар күзде жоқ болып, бар болғанның өзінде бағасы шарықтап кеткен екен. Ауданымыздың әкімі Мәден Мұсаев мырза ағаш отырғызуға нағыз аумақ – қоршалған әрі суармалы жерді бөліп берді. Еріктілердің негізгі тобы «Жастар орталығынан» және өзімнің достарым болды. Ал «Экологиялық орталық» мамандары өз білгенін бөлісіп, түптерін дұрыс отырғызуды көрсетіп атсалысты. Бас-аяғы 20-дан аса адам жиналдық. Ауылда жергілікті «Лесхозда» істейтін Жәнібек деген ағамның арқасында Алматыдан тиімді бағаға ағаш түптерін таба алдық. Жеткізуге Ұлан есімді досым көмектесті. 80-ге жуық ағашты отырғызу барысын аппарат жетекшісі Манарбек Көшкімбаев ағамыз өзі басқарып жүрді. Ал ішкі саясат бөлімі ауыл тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол осы шараны қолдаған барша ауылдасына алғыс айтты. Экобелсендінің айтуынша, Мойынқұмда аққайың ағашын жаппай отырғызу алғаш рет қолға алынып отыр екен.

– Негізінде ауылымызда бірен-саран аққайың ағашы бар. Бастысы үнемі суғарып отыру керек екен, сол кезде өніп кетеді екен. Осы саладағы біршіма маманмен кеңестім, сол кісілердің айтқанын істедік, өйткені отырғызып алып, ертең қурап кетсе, өкінішті болары анық. Осы науқан өзіме қатты ұнады, өткен сенбіде өз туған күнімде осы шараны достарыммен бірге атқардық, үлкендердің батасын алдық. Аудан әкімдігінің қолға алуымен биыл ауылымыздың басты алаңы жаңарып, саябақтар көркейіп, спорт алаңдары ашылып жатыр. Біздің де осы ісіміз мойынқұмдықтарға пайдасын тигізсе деген ойдамыз, — деп қорытындылады Айдос Тұрсынбекұлы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.