Қаңтар айының соңғы аптасында қыс қаһарына мініп, бірқатар республикалық мәндегі автожолдар жабылғаны белгілі. Облыс орталығында жағдай қалыпты болғанымен Жуалы ауданы сынды елді мекендердегі асулар қар құрсауында қалып қойды. Осыған орай төтенше жағдайға тап болған тұрғындар мен техниканы қауіпсіз аймаққа көшіріп, апатты жағдайлардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын құзырлы сала мамандарынан білген едік.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, 28 қаңтардағы мәлімет бойынша облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдары және «Қордай», «Күйік», «Шақпақ», «Хантау» асуларындағы жол қозғалысы ашылыпты. Алайда Жуалы ауданындағы «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата» тас жолының 5-76 шақырымдық жол бөлігінде ауа райының нашарлауына байланысты барлық көлік түрлеріне қозғалыс тоқтатылған. Сондай-ақ Жуалы ауданы аумағындағы «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық мәндегі жолдың Айша бибі ауылы мен Түркістан облысы шекарасымен шектескен 536-593 шақырымында бұрқасын жел тұрып, айналаны көру нашарлауына байланысты барлық көлік түрлерінің қатынауына апта басында шектеу қойылған. Алайда 28 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, аталған жол бөлігінде ауа райының жақсаруына және жолдың тазалануына орай автобустар мен жеңіл автокөлік түрлеріне қозғалыс ашылып отыр.
Автожолдардың жабылу кезеңінде Айша бибі ауылынан шыға беріс жерінде 117 жүк, 100 жеңіл көлік пен 9 үлкен, 2 шағын автобустың қозғалысы тоқтаған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен қар құрсауында қалған 49 автокөліктен 76 адам құтқарылып, оның ішінде 6 бала қауіпсіз жерге жеткізілген.
Сонымен қатар медициналық қызметкерлерге Ертай ауылынан Б. Момышұлы ауылына науқас балалар мен олардың туыстарын жеткізуге көмек көрсетілген. Бұдан бөлек Айша бибі ауылынан Тараз қаласында орналасқан теміржол бекетіне 10 адам эвакуацияланған.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір 3 елді мекенде 9 жылыту пункті қызмет көрсетіп тұр. Онда 43 адамға ыстық тамақ беріліп, аяз қарыған жолаушылар алғашқы медициналық көмек алуда.
Төтенше жағдай кезінде теміржол арқылы Тараз стансасынан Шымкент қаласына 110 адам жөнелтілсе, Боранды стансасынан Тараз қаласына 78 адам отырғызылған.
Бүгінде республикалық және облыстық мәндегі көлік жолдарының ашылуы мен жабылуына байланысты дауылдық ескертулер жасалып, «Қауырт желі» нөмірі мен «Дәрмен» мобильдік қосымшасы іске қосылып отыр. Бұдан бөлек облыстық төтенше жағдайлар департаменті базасында жедел штаб құрылып, халыққа ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында 8(7262) 51-41-67 телефон нөмірі жұмыс жасауда. Осы таңға дейін «Қауырт желі» телефонына 76 қоңырау түссе, оның ішінде 75-і ақпарат алу мақсатында және 1 тұрғын психологиялық көмек көрсетуді сұранған. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар зардабымен күресу мен жолаушыларды құтқару мақсатында 67 адам пен 31 техника күн-түн демей жол бойында жүр.
«Сақтансаң сақтаймын» дейді. Сондықтан жолға шыққанда абай болыңыз жолаушы! Және «Қауырт желі» нөмірі мен «Дәрмен» мобильдік қосымшасын ұялы телефоныңызға енгізіп алуды ұмытпағайсыз.
Саятхан Сатылғанов
«ARAI» газеті