A place where you need to follow for what happening in world cup

Сәкен Арубаев жамбылдықтарға есеп беруде

205

Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес 2020 жылдың 20-27 қаңтары аралығында ауылдық округ әкімдері өз елді мекендерінде халық алдында есеп берсе, 28 қаңтар күні аудан әкімі С.Арубаевтың ауылдық округтерде есеп беру кездесулері басталды.

Ерназар ауылында тұратын халықтың алдына ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне талдау жасап, алдағы жоспарлармен бөлісуге келгенін айтқан аудан әкімі Сәкен Арубаев есепті баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жүктеген міндеттерден бастады. Ел өмірінің барлық саласындағы ахуалға терең талдау жасалған құнды құжатта қоғамда орын алатын негізгі мәселелерге азаматтық диалог орнату, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты ел сынды міндеттер және олардың орындалу жолдары айқындалған болатын. Сол міндеттер бойынша нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған аудан әкімі есепті баяндамасын дәйекті деректер негізінде құрып, жергілікті жұртшылықты толғандырған проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы нақты ақпарат берді. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуына, тұрғындармен кездесулерде түскен ұсыныстар мен өтініштерді іске асыру бойынша қабылданған іс-шараларға тоқталды. Өңірдің есепті кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін халыққа қарапайым тілде жеткізді (2019 жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімі есебінің тезистері аудандық газет бетінде жарияланған).
Ерназар ауылдық округінің әкімі Мырзахан Әбдіқұловтың есепті баяндамасын тыңдаған Сәкен Қаланұлы аудан әкімі қызметіне келген аз уақыт ішінде осы елді мекен тұрғындарының тұрмыс жағдайымен, тіршілігімен, ауылдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, ой елегінен өткізіп үлгергенін, көпшілік көкейінде жүрген маңызды мәселелерге ден қойғанын және сол мәселелерді жергілікті жұртпен бірге ашық талқылауға келіп отырғанын айтты. Бар ризығын жер мен малдан айырған халықты толғандырған басты мәселе егінсу тапшылығы, сапалы ауызсу және елді мекенді газдандыру екенін ауылды аралағанда және тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдағанда білгенін, оларды шешудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
Мәселен, егінсу тапшылығын жою мақсатында қазіргі таңда осы ауылға су әкелетін «Айтақ» каналының 19,2 шақырым арнасын тарылту бағытында «Қазсушар» мекемесі тарапынан пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесі де көп күттірмейді деген сенім бар. Ал, талай жылдан бері ауыл халқын қинап келген «көгілдір отын» мәселесін шешу бойынша ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2019-2021 жылдары аудандағы 13 елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаға Ерназар ауылы да енгізілген.
Аудан әкімі ауылда 2004 жылы пайдалануға берілген орталықтандырылған ауызсу желісінің тозығы жеткенін, алайда оларды қалпына келтіруге мүмкіндік болмай отырғанын мәлімдеді. Өйткені облыстық энергетика басқармасы ауызсу құбыры жүргізілмеген елді мекендерге ауызсу құбыры толық тартылып бітпейінше, ескірген құбырларды қалпына келтіру жұмыстарының құжаттарын әзірлеуге рұқсат бермей отыр.
Өңір басшысы ауыл адамдарын алаңдатқан басқа мәселелер – фельдшерлік-акушерлік пункт қызметі, ауылішілік жолдар, Қаратау қаласына шығатын автожол, мектеп пен балабақша, көшелердің түнгі жарығына қатысты жайларға жете назар аударып, жағдайды түзеудің нақты тетіктерін түгендеп берді. Тұрғындардың сұрақтарына толыққанды жауап қайтарып, ұсыныс-пікірлерін қаперге алды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.