A place where you need to follow for what happening in world cup

«Айдарлының» айдарынан жел ескелі тұр

265

Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылының тарихына үңілсек, іргесі  сонау аудан құрылған жылдардан бастап, яғни 1961  жылы «Айдарлы» қаракөл қойын өсіретін кеңшар ретінде қаланған. Соның негізінде ол кезде «Айдарлы» өндірістік кооперативі және бірнеше шаруа қожалықтары да қызу жұмыс істегені көпке мәлім. Еліміз егемендік алған жылдардан бері аталмыш ауылэкономикасы қарыштап кетпесе де даму қарқынын, тұрақты өсімін бәсеңдеткен емес. Биыл бұл ауылға мемлекет тарапынан мол қолдау көрсетіліп, облыс әкімінің «он олжалы округ» жобасына іліккені де ілкімді іс болып отыр.

Сондықтан Кеңес ауылдық округінің биылғы атқаратын жұмыстарының көлемі өзге ауыл­дарға қа­рағанда ауқымды болмақ. Өйткені үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы аясында ел экономикасын дамыту қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Оның үстіне «қарапайым заттар» экономикасын дамыту тұрғысында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолға алуымен облыс бойынша 10 ауылдық округ таңдалып, облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында пилоттық жобаның да іске қосылғаны белгілі. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығын дамыту, өнім өңдеу, жиһаз жасау мен құрылыс саласын қамту – жоспарланған жобалардың негізін қаласа, бұл жобалардың көпшілігі ауылдық жерлерде іске асырылатындығы кімнің болмасын көңілін көншітетіні рас. Бүгінде кәсіпкерлікке алғаш рет бет бұрыс жасап, тұрмысын түзеп, жағдайын жақсартқысы келетіндер қатары елімізде аз емес. «Сұрағанға береген» демекші кәсіпкер болуға ниеттілерге мол мүмкіндік сыйлайтын аталмыш жоба аясында жеңілдетілген несиеге Кеңес ауылдық округінің тұрғындары да қол жеткізіп отыр. Бұл қуанарлық жайт.

Пилоттық жобаны іске асыруға аудандағы ауыл, ауылдық округтер арасынан Кеңес ауылдық округі бекерден-бекер таңдалып алынған жоқ. Аудан басшылары бұл ауылдық округ тұрғындарының мал өсіріп, егін салуда тәжірибесі мол екенін еске алды. Сондай-ақ бұл округке Шу өзенінен егін суы алдымен келеді.  Ауыл үлкен жолдың бойына, Шу ауданымен шекаралас орналасқаны және бар. Ауыл дихандары ұзақ жылдардан бері ұмыт бола бастаған «дала аруы» – жүгеріні былтыр 140    гектарға егіп, одан мол өнімге қол жеткізді. Бұрнағы жылғы 685 га. жоңышқалыққа былтыр жаңадан 120 га. жоңышқа қосылды. Жоңышқа 3-4 мәрте орылып алынды. Дихандар биылғы жылы суармалы егістік көлемін ұлғайтып, одан мол өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл ретте олардың қайыр басқан каналдарын тазалатып, егістікке егін суын әкелген, сөйтіп дихандарға барынша қолдау жасаған  аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлына айтар алғыстары да аз емес.

Ауылдық округтің әкімі Әділет Мұқашевтің айтуынша аталмыш жобаның бірінші бағыты бойынша несиеге өтінім берген 318 ауланың жалпы жер көлемі 58 гектарды құрайды. Екінші бағыт мал шаруашылығы бойынша бүгінгі күнге 117 аула иелерінен 2514 бас мал алуға 394 660 мың теңгеге өтінім түскен. Үшінші бағыт барлық саланы қамту бойынша құрылған Мейрхан Шалқарбеков басшылық ететін «Айдарлы Агро-2019» кооперативі, төртінші бағыт ауыл шаруашылығы кооперативі бойынша сатып алынатын техникалар мен жабдықтар болса, бесінші бағыт аясында ауыл тұрғындарының өз өтінішімен мал шаруашылығын дамытуға ниет білдірілген. Бұл бағытқа орай жалпы 3 жоба бойынша 5 миллион теңгеге ұсыныс түскен. Бұл қаржыға қол жеткізгендердің алғашқысы «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалия Көшербаева асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында кооператив арқылы 4 бас асыл тұқымды сиыр, 8 бас жылқы және 400 мың теңге көлеміндегі қаржыға жем-шөп алуды жоспарласа, дәл осындай қаржыны алу кезегінде тұрған айдарлылық Нұржан Жаңабаевтың да төрт түлікті өсіру жолындағы жоспары жүйелі. Көптің жанын жадыратқан, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған аталмыш жоба айдарлылықтардың мерейін үстем еткені жасырын емес.

Айта кетейік пилоттық жобаға енген Кеңес ауылдық округі бойынша 363 аулада (үй) жалпы 2004 адам, оның ішінде жұмысқа жарамдысы 723, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 210, ал шаруа қожалықтар саны 70-ті құрайды. Сондай-ақ округтегі 363 ауланың үй іргесіндегі жер көлемі 58 гектар болса, оның барлығы 100 пайыз сумен қамтылған.

Сондай-ақ жоғарыда аталған жобаның 4-бағыты бойынша кооперативке сатып алынатын техникалар мен құрал-жабдықтарды сақтау, оларға техникалық қызмет көрсету мақсатында қараусыз тұрған ескі гараж орнына арнайы база соғу үшін 5 гектар жер көлемі берілген. Аталған арнайы ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмыстарына (мемлекеттік жер актісі, тех паспорты, кеңсесі, тұрғын үй, 50,5 кв.м бастырма, ауыз су құдығы, электр жүйелерін, өндірген өнімді сақтайтын қойма, сүт өнімдерін өңдейтін кіші цех орнату) аудан бюджетінен 14 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінде жеке кәсіпкер «Айгерім құрылыс» өз жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін «Айдарлы Агро – 2019» кооперативінің есебіне берілмек. Сондай-ақ бұл бағыт бойынша бүгінгі күнге ауыл тұрғындары Нуридин Асанов 5 бас сауын сиыр және 10 бас бұқашық, Тұрсынхан Смағұлов 15 бас бұқашық, Айнұр Жошыбаева 10 бас жылқы малдарын алуға өтінім берген.                              Міне, ауылды көркейтуге бағытталған жобаның бес бағыты да ауыл экономикасы мен тұрғындар әлеуетін арттыруға шын мәнісінде тигізер пайдасы мол. Көптеген жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнесті өркендетуге бағытталған бұл жобаға айдарлылықтар дән риза. Ендеше мемлекет, облыс тарапынан мол қолдауға ие болып, айдарынан жел ескелі отырған ауылдың алдағы уақытта көркейіп, гүлдене беретіндігіне еш шүбә жоқ. Тек аз пайызбен беріліп жатқан несиелердің берер несібесі мол болса екен деп тілейік.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.