A place where you need to follow for what happening in world cup

Болашақ чемпиондар мекені

6 714

Ауданымыздағы Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіре айтуымыз да бекер емес. Өйткені, тоғыз жолдың торабындағы жалғыз тірек ауылы саналатын Белбасардағы атқарылып жатқан бүгінгі іргелі істерге қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. Әсіресе, спортпен шұғылдануға ынтасы бар жасөспірімдер үшін мұнда қажеттінің бәрі бар.

Жалпы, бүгінде туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы адал еңбек деп біледі. Мұндай азаматтар туған топырағынан жырақта жүрсе де өзі туып-өскен ауылын жеке баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуде қолынан келгенін аямайды. Әлбетте, одан кейін ол ауылдан берекенің де тарқамайтыны айтпаса да түсінікті. Дәл осындай азаматтардың бірегейі ретінде Белбасар ауылының тумасы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады.

Өзі шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген іске демеушілік танытудан тартынып қалған тұсы жоқ. Соның жарқын дәлелі ретінде ауылдағы «Белбасар» мәдени-спорттық кешенін тілге тиек етуге болады. Өткен жылы пайдалануға берілген спорт нысаны бүгінде аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөліміне қарасты Белбасар атындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі болып құрылған. Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап аталған мектепке басшылық жасап отырған Айдос Расиловтың айтуынша, мұндағы бапкерлердің барлығы да жергілікті жердің спортшылары екен.

– Екі қабаттан тұратын спорт мектебінің бірінші қабатында заманауи үлгіде салынған кіші футбол алаңы мен тоғызқұмалақ бөлмесі және таэквондо залы бар. Ал екінші қабатта еркін күрес, бокс және күш пен жігер залдары жұмыс істейді. Нысанның ішінде үш бірдей киім ауыстыратын бөлме болса, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға да мейлінше жағдай жасалған. Сонымен қатар, кіші қызметкерлерді жұмысқа қабылдайтын кезде көбіне-көп басымдықты жалғызбасты және көпбалалы аналарға бердік. Бұдан бөлек, бапкерлердің барлығы да осы ауылдың азаматтары екенін ерекше атап өткім келеді. Дәлірек айтсам, бокстан спорт шеберлігіне үміткер Нұржан Алмаш, еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері, ҚР чемпионы Медет Мұрат, ауыр атлетикадан спорт шебері Ерғали Гайдар, тоғызқұмалақтан Ақерке Исабек, футболдан Сейілхан Жидебаев пен Алинұр Рахымқұлов, таэквондодан Нұржан Қонысбаев сынды жас та болса жасындай жарқылдап жүрген жас спортшыларымыз бапкерлік жолын дәл осы спорт мектебінде бастағалы отыр. Тұтастай алғанда, біздің мекеменің нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу жолында бас-аяғы 27 адам еңбек етуде.

Әзірге, еліміздегі эпидемиоло-гиялық ахуалға байланысты спорт мектебі балаларды қабылдап жатқан жоқ. Ал жұмыс жоспарына сәйкес, біз Ескі Шу ауылдық округінен бөлек, көршілес Бірлікүстем, Жаңа жол және Көкқайнар ауылдық округінің жастарын да қамтымақпыз. Елімізбен қатар, әлем жұртшылығын дүрліктіріп отырған коронавирус індетінің беті қайтып, елдегі ахуал тұрақталған кезде мұнда 420 бала тұрақты түрде спортпен айналысады деп жоспарлануда. Спорт мектебінде бір мезетте 200 бала спортпен шұғылдана алатындығын ескере отырып, біз үш ауысымда жұмыс істеуді көздеп отырмыз, — дейді Айдос Тамашаұлы.

Расымен де, ауылдағы мұнтаздай таза спорт мектебінің бапкерлері мен өзге де қызметкерлері ортақ тәртіпке бой ұсынып, келген қонаққа ерекше ықылас танытатыны бірден байқалады. Әлбетте, қатаң тәртіп пен парасатты тәрбиені отшырақ етіп ұстаған спортшы ғана үлкен жетістікке жететіні сөзсіз. Бұл ретте, аталмыш мектептің жұмысынан иненің көзіндей де сын таба алмасыңыз айдан анық. Айта кетуіміз керек, өткен жылы ғана пайдалануға берілген аталмыш нысанның ашылу салтанатына есімі елге белгілі спорт саңлақтары көп жиналған болатын. Әрине, дәл осындай атынан ат үркетін спортшылардың ауылға арнайы атбасын бұруының өзі спортқа ынтасы бар мұндағы жасөспірімдерге үлкен үміт сыйлайтыны сөзсіз. Өз кезегінде ауыл балалары жоғарыда есімі аталған спортшыларға ұқсап баққысы келетіні айтпаса да түсінікті шығар.

Ауылдан шыққан атпал азаматтың осынау жарқын ісі ауылдастарына жасаған алғашқы жақсылығы емес. Бұрнағы жылдары әбден тозығы жеткен үлкен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізген болатын. Енді, міне, сол ауылға халықаралық стандартқа сай мәдени-спорттық нысан салып беріп, ауылдықтардың ақ батасын алып отыр. Байқағанымыздай, Белбасар ауылы ауызбіршілікке ұйыған, қазыналы қарты, жалынды жасы бар, өздері қалыптастырған жақсы іске жұрт болып жұмыла кетуді сабақтасқан салтқа айналдырған ауыл. Жырақта тұрып-ақ, іргелі жұмыстың тізгінін ұстаған немесе кәсібінің тасын өрге домалатқан ауыл түлегі туған ауылына қайырылып, бар-жоғын түгендеуге мұрындық болды. Ізгі іске ұйытқы болған азаматқа жергілікті әкімдік пен тұрғындардың атынан алғыс айтылып, құрмет те көрсетілді. Ендігі кезекте аудан әкімдігінің меншігіне берілген ауылдағы спорт мектебінен елімізбен қатар, әлемге әйгілі спортшылар шығады деген сенімдеміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.