A place where you need to follow for what happening in world cup

Алқаптан ескен жағымды еңбек әуені

268

Біз атбасын тіреген арпалық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында Ақбастау ауылына таяу орналасқан тоған маңында екен. Аумағы атшаптырым алқаптың басында «Енисей 1200 1 нм» маркілі комбайн ерсілі-қарсылы жүйткіп жүр.
Комбайн жүргізушісі, тәжірибелі механизатор Нұрлан Сейітәлиевті тоқтатып, аз-кем тілдестік. Оның айтуынша, қожалық орақты алғаш болып осы алқапқа салыпты. Одан кейінгі кезекте орақ Жетітөбедегі 50 гектар арпа, Бақатей өңірі мен Солдат қырқаларындағы 200 гектар бидай алқаптарына түседі. Ондағы астық та пісіп дайын тұр.
Егін орағы басталғалы шаруа қожалығының басқа «Енисей 1200 1 нм» маркілі үш комбайны мен екі «МТЗ 80» тракторы, сабан тайлағыш техникалары ауданның басқа өңірлеріндегі шаруалардың астығын жинап, қолғабыс етіп жүр екен. Өзінен бөлек, қазір осы алқап басында тіркемелі екі «МТЗ-80» тракторы жүр.
— Кеше түстен кейін жауған жауын іске біраз қолбайлау болды. Одан таңертеңгі сабақтың бойында қалған шық та ораққа бірден кірісуге мүмкіндік бермеді. Міне, қазір күн қыза жұмысқа кірісіп жатырмыз, — дейді комбайншы.
Комбайн алқапты екі-үш айналғанда, артындағы ұсақталған сабан тиелген тіркемесі толуға жақын қалды. Тіркеме толғанда Мырзағұл Шаукеев оны «МТЗ-80» тракторына тіркеп, округтегі елді мекендердің халқына дивиденд есебінде таратып береді.
Мырзағұл Шаукеевтің шаруашылықтағы астық жинау науқанына қатысқанына биыл 34 жыл толыпты. Тәжірибелі механизатор техниканың тілін жетік біледі, өзіне бекітіп берілген «МТЗ-80» тракторын тоқтаусыз жүргізіп, халыққа қызмет көрсеткеніне дән риза.
— Шаруа қожалығының басшысы, ілкімді азамат Сейіт Жайықбаевтың арқасында техника паркіміз жыл сайын жаңарып келеді. Бұрын ескі техниканы жамап-жасқап, есіміз шығып жататын біз қазір су жаңа техниканы күтіп ұстауға тырысудамыз. Осы орайда істі дұрыс ұйымдастыра білген шаруашылық басшыларына айтар алғысымыз шексіз, — дейді Мырзағұл Шаукеев.
Алқап басында олардан бөлек, тағы бір «МТЗ-80» маркілі трактор бар. Оны Ерболат Досыбаев жүргізеді. Ерболаттың мұнда келгеніне екі-үш жылдың жүзі болған. Бұрын басқа шаруашылықтарда жұмыс істеп, ысылған, өз ісінің шебері, күндік нормасын орындауға барынша күш салып келеді.
Шаруашылықта онға тарта жұмысшы еңбек етеді. Айлық табысы орта есеппен 100-120 мың теңгені құрайды. Маусымдық жұмыстар кезінде одан да көптеу алады. Орақ науқаны кезінде алқап басында бір мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған.
— Тұрғындардың берген тапсырысына қарай біз сабанды ірі күйінде тайлап та, майдалап та жеткізіп береміз. Ол жұмыстар арнаулы комбайнның күшімен атқарылады. Жиналған дәнді шаруашылықтың қамбасына құямыз, — дейді Ерболат Досыбаев.
Орақшы жігіттер ертелі-кеш еселі еңбек етумен бірге демалысты да ұтымды ұйымдастыра біледі екен. Бастары қосыла қалғанда араларында бойына өнер дарыған Мырзағұл Шаукеев өзінің әзіл-қалжыңдарымен, пародияларымен күні бойғы дамылсыз жұмыстан шаршағаныңды ұмыттырып жібереді. Оның театр әртістері секілді түрлі аңқұстардың үндерін айна қатесіз қайталап салатын қабілеті бар екен. Одан қалса, майда, қоңыр әуезді дауыспен шырқайтын әндері де жабырқаған жанды лезде жадыратып, көңілдерге шуақ құяды .

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.