Аудандағы шешімін күткен өзекті мәселелердің бірегейі автокөлік жолдарының жайы болатын. Әрдайым күн тәртібінен түспей келген бұл түйткіл кейінгі жылдары рет-ретімен шешіле бастағандай. Әсіресе, кейінгі жылдары аудан орталығын көркейтуге көп көңіл бөліне бастады. Әрине, 20 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың дәл осылай түрленіп, ауыл айналасындағы мәселелердің бірте-бірте шешіле бастағаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе өткен жылы ерекше екпін алды. Тіпті, ондағы көшелердің ұңғыл-шұңғылы мен әншейінде көз шала бермейтін қуыс-қуыс жолдарына дейін тегістеліп, асфальт төселді. Бүгінде ауылдықтардың көліктері тақтайдай тегіс жолдармен әрлі-берлі зырғып жүр. Бұндай бақыт тек төлебиліктерге ғана бұйырғандай көрінгенімен, биылдан бастап шалғайдағы елді мекендердің жолдары да жөнделе бастады.
Сонымен қатар, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласында үстіміздегі жылы 48 көше жөндеу көрмек. Шынын айту керек, қаладағы негізгі көшелер болмаса, қалған көшенің тұрғындары жаздың күні шаңмен, қыс пен көктемде балшықпен арпалысып әлекке түсетін. Аудандағы күрмеуі келіспеген осынау өзекті мәселені шешу мақсатында ағымдағы жылы ауқымды қаржы бөлініп, қарқынды жұмыстар басталып та кетті. Осыған байланысты, аудан әкімі Нұржан Календеров бірқатар көшелерді аралап, қаладағы жол жөндеу жұмыстарының барысын көзбен көріп қайтқан болатын. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, аудандағы жол жөндеу жұмыстары тамыз айының аяғына дейін толық аяқталатын көрінеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 128 көшені жөндеуден өткізу үшін 2,4 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Әбден тозығы жеткен көшелерге жөндеу жұмыстарына үш мердігер жауапты болып отыр. Қазіргі кезде барлық көшелерге құм мен қиыршық тас төселіп бітті.
Өткен аптадан бастап асфальт жабындысын салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, әуелгіде жол бақылау лобароториясымен арнайы келісімшартқа отырып, жұмыс барысын әбден пысықтап алдық. Келісімшартқа сәйкес, аталмыш мекеме асфальттың сапасын тыңғылықты тексерістен өткізгеннен кейін ғана асфальт төсеуге рұқсат береді. Бұдан бөлек, жолдың сапасын бақылау мақсатында қоғамдық комиссия құрып, бұл жұмыстарға ауданның белсенді азаматтарын да жұмылдырып отырмыз», — дейді аудан әкімі.
Әйткенмен де жолға жауапты мердігер компаниялар белгіленген мерзімінен кешеуілдеп жатқан сыңайлы. Себебі, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев келісімшартқа сәйкес үш мердігер де аудандағы жол жөндеу жұмыстарын тамыздың ортасына дейін толық аяқтауы тиіс болғанын айтады. Ал аудан бойынша жетпістен аса көшенің тендерін ұтып алған «Арқат Өркендеу» ЖШС-і қазіргі кезде бес көшеге асфальт жабындысын төсеп үлгерген. Серіктестіктің өкілі Ерген Қондыбаев мұндағы жөндеу жұмыстары алдағы бір жарым айда аяқталатынын айтады. «Бүгінгі таңда Шу қаласындағы М.Жұмабаев көшесіне асфальт төсеп жатырмыз. Жалпы біздің серіктестікте екі асфальт тығыздайтын техника, екі грейдер, гудранатор және асфальт төсеуге арналған германиялық «VOGELE» техникасы бар.
Сондай-ақ, аудан бойынша үш бригада жұмыс істеуде. Оның алғашқысы жолдың астында қалатын құбырларды орнатса, екіншісі құм мен қиыршық тас төсейді, ал үшінші бригада асфальт жабындысын салады. Біз ұтқан жобалардың ішінде көше жолдарымен бірге жаяу жүргінші жолдары да бар. Жөндеу жұмыстарын бір жарым айдың ішінде аяқтаймыз», — дейді ол.
Аудан әкімі Н.Календеров қазірдің өзінде мерзімінен кешігіп келе жатқан мердігердің баяу жұмысын сын тезіне алып, жұмысты ширата түсу керектігін ескертті. Ең бастысы, күзгі жауын мен қыстың ызғарына ұрынып, жолдың сапасына кері әсерін тигізбесе болғаны. Әрине, атқарылған жұмыстардың техникалық қадағалаушылар мен арнайы комияссияның тексерісінен өтетіні анық.
Десе де, тақтайдай тегіс жолдардың араға жыл салмай жатып сапасының сын көтермейтін дәрежеге жетуі неліктен деген заңды сұрақ қылаң береді. Оның негізгі себебін тендерді ұтып алған мердігерлердің өз жұмыстарына деген немқұрайлылығынан іздеген жөн тәрізді. Әйтпесе, бұрнағы жылдары басқа емес, дәл осы Шу ауданында күннің суығында, жауған қармен қабаттасып жол салғандарды да көрген болатынбыз. Әлбетте, қара суықта төселген асфальт жабындысы бір-бірінен жылдам ажырап, келесі көктемде-ақ ойлы-қырлы күйге түседі. Осылайша, ондай жұмыстың шын мәніндегі азабын ауыл-аймақтағы ағайын мен жолаушы қауым тартып жатады.
Айта кетуіміз керек, жоғарыда аталған «Арқат Өркендеу» ЖШС-і Шудан бөлек, Меркі ауданынан да 15 көшенің тендерін ұтып алыпты. Одан бөлек, Шудағы 30-ға жуық көшенің құрылыс жұмыстарына жауапты «РЗДИ-Құрылыс» ЖШС-і де көршілес Қордай ауданынан бірнеше көшенің тендерін ұтыпты.
Ендігі меже — жөндеу жұмыстарын жоспарлы мерзімде аяқтау болып тұр. Ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарының жанайқайына айналған дәл осы жол мәселесі бұған дейін де айтылып келген. Енді, міне, ақырындап сең қозғала бастағандай. Шынын айту керек, ала жаздай ақ шаңдағы аспанға көтеріліп жататын ауданішілік жолдардың бірсыпырасы жөнделіп жатқаны тұрғындар үшін үлкен жаңалық болды. Неге десеңіз, елді мекендерді бір-біріне жалғап жатқан күре жолдар мен қала ішіндегі жолдардың қадірін оның азабын тартып жүрген тұрғындардан артық ешкім біле қоймас.
Енді жауапты тұлғалар төселген асфальттың сапасын, оның қалыңдығы мен құрамының белгіленген өлшемге сай келетіндігін жіті бақылап, жоспарлы мерзімде аяқтауын қадағаласа болғаны.
Ерғали АСХАТҰЛЫ