A place where you need to follow for what happening in world cup

Өнегелі ісі өзгелерге үлгі

237

Темір жол — экономиканың күретамыры. Ел игілігі жолында күн-түн демей үлкен істерді атқарып жүрген темір жол қызметкерлерінің өнегелі істері кімге болса да игі болғандай. Жол дистанциясының №2 Жол колоннасының бүгінгі өкілдері, майталман мамандар мектебі болған кешегі іргелі мекеменің жұрнағы. Сол дистансада еңбек етіп, атқарған ісі аңызға бергісіз теміржолшылар тәлімін көрген аға буын өкілдерінің бірі — Сәрсенбек Нұрғалиұлы Ахаев (суретте).

Ұжымға басшылық жасап, темір жол саласының  дамуына елеулі үлес қосып отырған, елді мекеннің сыйлы азаматы, әрдайым халқына қол ұшын беріп қамқоршы болып жүрген  С.Нұрғалиұлы 1959 жылы Көктөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол осы ауылда жастайынан теміржолдың айналасында есейіп, ержетті. Ауылдағы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы Техникалық училищені және Алматы қаласындағы Теміржол институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Сарышаған жол дистансасынан бастаған.

Жол шеберінің темір саласына келуінің себебі, бала күнінен күре жолдың бойында тұрғандықтан теміржолшы болуға қызығушылығы оянған. Сондықтан болар, бұл кәсіпті меңгеріп кету қиынға соққан жоқ. Ел аузында «Адамның басшысы — мінез, сынаушысы — халық» деген тағылымы терең тіркестер бар. Адам бойынан табылатын жақсы қасиеттер мен жайсаң мінез де асыл азаматтың бойынан табылады десек артық айтқандық емес. Себебі, өскелең ұрпаққа бар жақсылықтың нұрын себетін, жас буынға  күре жолдың терминдерінен мәлімет беріп, өмір сүруге үйрету оңай шаруа емес.

Осылайша қызметтік сатыларымен тез өскен С.Ахаев  іскерлігімен көзге түсті. Қарапайым теміржолшыдан бастап, №2 Жол колоннасының бастығы болып тағайындалған кейіпкеріміз талапшылдықтың үлгісін ұстанған ол кәсіпорынның қарқынын ілгерілетуді мақсат тұтқан. Бұл қызметте табаны күректей 44 жыл жемісті еңбек еткен. Сондықтан, Сәрсекеңнің жұмыс орнында, көрнекті жерде барлық ұлттық компания басшыларының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары  ілулі тұр. Темір жол саласының нағыз майталманының еңбектерін және мықты тұлға екенін онымен қатарлас қызмет еткендер де біледі.

Ол өз сөзінде: «Еңбектің шарқайрағында қылыштай қайралған әкем ең алдымен отбасы қамын алға қойды. Қай істе де өзінің білімділігімен, біліктілімен көзге түсіп  жүрді. Әлі күнге дейін есімде, әкем ылғи да маған ақыл кеңесін аямайтын. «Балам, әр нәрсенің орны бар. Орынсыз бұл дүниеде ештеңе жоқ. Кез келген қиындыққа шыдам керек. Ешқашанда әлсіздік танытпа. Тоңмайын тағдырдың құрығына байланбауды ойлан» — дейтін. Ғұмырымда көп жандармен сырлас та сыйлас болдым. Сол әке өсиетін құйма құлағыма сіңіріп өскендіктен бе, небір адамдарды көрдім» — деді сәл үнсіз қалып.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, өмірге ұрпақ әкелу, шаңырақ көтеру, адал еңбек ету, өзегіңді жарып шыққан балаларына саналы тәрбие беру мен сапалы білім беру — баршамыздың арманымыз емес пе? Сәрсенбек Ахаев өмірлік жары Гүлсім Ахаевамен екі қыз бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде алақанына салып, әлдилеген жеті немересі бар.

Қазірде  С.Нұрғалиұлы еңбекқор әулетінің ақылшысы, қамқоршысы, саялы бәйтерегі. Оның темір жол көлігі саласындағы ұзақ жылғы адал еңбегі, саланы дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Міне, адал еңбегінің, іскерлігінің арқасында абырой-құрметке бөленген Сәрсенбек Нұрғалиұлы Ахаевты қалай мақтасаңда әбден лайықты.

Алтынай Абдраимова.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.