A place where you need to follow for what happening in world cup

Ағаш ұстасы — Әлішер

333

Кәсіп ашамын дейтін жандарға елімізде мүмкіндік кеңінен. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және қайтарымсыз гранттар беру де бар. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды сәтті пайдаланғандардың бірі — Әлішер Садырбаев (суретте). Ауданға қарасты Бірлік ауылының тұрғыны ағаш өңдеу цехін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Негізгі мамандығым заңгер. Бірақ әкем ағаш ұстасы болғандықтан артында қалған тұяғы ретінде осы істің көзін тауып, нағыз ағаш  шебері атануды алдыма мақсат тұттым. Қалауымды шынайы іске асыра алуыма мемлекеттен берілген мүмкіндік көмектесті» — деп бізбен әңгімесін бастады жас кәсіпкер.

Әлішердің айтуынша, мемлекеттік грантты алуға ойланбастан кіріскен. Алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, бағыт-бағдар алып, қажетті құжаттар жинастырған. Осыдан кейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу оқып, соңында комиссия алдында бизнес жобасын қорғап, 505 мың теңгені қолына алған. Ойын жүзеге асыруға асыққан грант иегері қолындағы қаражатқа ағаш кесетін құрылғылар сатып алып, жұмысын бастап кеткен.

«Қазіргі ғаламтордың  дамыған дәуірінде әлеуметтік желілер арқылы жұмыстарымды жарнамалап, тұрғындардан тапсырыс алудамын. Айына кем дегенде 200 мың табыс тауып жатырмын. Әзірге үй жағдайында қолданылатын дүниелер жасаумен айналысудамын. Одан бөлек, дәмханалардан ағаштан  жасалған бұйымдарға тапсырыс көптеп түседі. Кейінірек ісімді кеңейтіп, астау, бесік, ағаштан және қыштан ыдыстар жасау жоспарымда бар. Себебі, сұраныс жақсы түсуде» — дейді кейіпкеріміз.

Атап өтерлігі, ауданымызда Әлішер секілді мемлекеттік жәрдем арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар жоқ емес. Олардың қатарында тігінмен, егінмен, кондитерлікпен және тағы да басқа кәсіппен айналысып жатқандар бар.

Биылғы жылы да грант иегері атануға талпынып жатқан болашақ кәсіпкерлер аз емес көрінеді. Демек, жақын арада тағы да жаңа кәсіптер ашылып, жұмыссыздар саны тағы азаятын болады.

Кәсіптік білім екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге бағыты айқын бағдаршам. Тек, мемлекет осылайша жұмыссыздықты «тұншықтырып», жұрт қолына балық емес, қармақ беріп, сұранысқа ие мамандықтарға баулып, тегін түрде қаражат ұсынып, қажетінше жағдай жасап жатқанын өзгелер де түсінсе дейміз.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.