2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292-VI «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне (әрі қарай – ӘҚБтК) түзетулер 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Бұл өзгерістен «Медиация туралы» Заңның да қолдану ауқымы кеңейгенін көруге болады. Бұрын азаматтық және қылмыстық құқықтар бойынша белсенді қолданылып отырған медиацияның әкімшілік заңнамаға келгенде тапжылмастан тұрып қалғаны көңіл қынжылтатын. Енді заң өзгертіліп, соттарға отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу әрекеттері бойынша медиацияны қолдану мүмкіндігі ашылды. Яғни, ӘҚБтК-нің 64-бабы «1-1 бөлігімен» толықтырылып, егер осы кодекстің 73, 73-1 немесе 73-2 баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушілермен, арыз иелерімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянын өтесе, сот оларды әкімшілік жауапкершіліктен босатуы мүмкін.
Жаңа заңмен ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен реттелген, яғни отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасаған адамға ескерту немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамақ қолданылады. Осы бап бойынша құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлау, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік туындайды. Аталған кодекстің 73-1 бабымен денсаулыққа қасақана жеңіл немесе ауыр зиян келтіру әрекеті үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Осы бапқа жаңадан «1-1-бөлігі» енгізіліп, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты жасалған әрекеттер үшін жаза жеңілдетілді, Яғни заңға сәйкес бір отбасында тұратын адамдардың жауаптылығы жеңілдеп, баламалы санкция енгізіліп, оларға ескерту жасауға мүмкіндік берілген. Баламалы түрде болған соң он бес тәулік әкімшілік қамақ та қарастырылған. Нақ осындай өзгеріс тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттеріне де қатысты енгізілген.
Шу аудандық сотында 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін ӘҚтК-нің отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтар бойынша 66 әкімшілік іс қаралып, медиация тәртібімен 33 іс қысқартылды. Яғни бұл әкімшілік іс жүргізуде медиацияның кеңінен қолданыла бастағанының көрінісі.
Бұл өзгерістер отбасы құндылықтарын нығайтуға, отбасы мүшелерінің немесе туыстарының бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасын сақтауға, медиация арқылы татулыққа келуіне мүмкіндік береді.
Ғ.Рахманқұлов,
Шу аудандық сотының судьясы.