A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайлық кәсіпкерлер өкпені жасанды желдету аппаратын алып берді

188

Пандемияға қарсы күш біріктірген қордайлық кәсіпкерлер індетке шалдыққан жерлестеріне жедел көмек көрсетуді қолға алғаны баршаға белгілі. Бүгінгі күнге дейін ауданның белді бизнесмендері, жеке меншік балабақшалар ұжымы ортақ қорға ақша жинап, аудандық орталық аруханаға 14 оттегі концентратын, 19 пульсометр аппараты мен 25 төсек жабдықтарын алып берсе, бүгін АОА екі бірдей өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) берілді.
Аудандық орталық аурухананың провизорлық бөлімі алдында аппараттар дәрігерлерге табыс етілді. Оның біреусін ауданымызда тау-кен комбинаты құрылысымен айналысып жатқан «Monterro Qazaqstan» компаниясы алса, екіншісін аудан кәсіпкерлері сатып алған. Шетелдік аппараттардың әрқайсысының бағасы 10 миллион теңгеден асады. Вирус енген адам өкпесі жұмысын тоқтатқанда көмекке келетін бұл аппарат әр індетке шалдыққан жанның өмірін алып қалуға қауқары жетеді екен. Өзінің аты айтып тұрғандай өкпені жасанды желдетіп отырады.
«Ауданымыздың белді азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында осындай тірлікті қолға алдық. Әр кәсіпкер қолынан келгенше ортақ іске үлесін қосты. Барлығына үлкен рахмет. Әсіресе, індетпен алғы шепте күресіп, адам жанына араша болып жүрген ақ халатты жандарға айтар алғысымыз шексіз. Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз», — деді кәсіпкер Дүйсенхан Оңгелдиев. Ал, екінші аппаратты алып берген «Monterro Qazaqstan» компаниясы өкілі Мұрат Мырзақұл бүгінгі таңда серіктестік тарапынан әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды іске асыратын арнайы қор құрылғанын, аудандық орталық ауруханаға жеткізілген бұл аппарат сол қор арқылы алынғанын айтып, компания одан әрі де қайырымдылық бағыттағы жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.
«Мұндай аппараттар бірнеше түрге бөлінеді. Бүгінде ауданымыздың атқамінер азаматтары жеткізген бұл құралдар қазіргі таңда ең сұранысқа ие, бізге аса қажеттісі. Науқастар атынан, ауданның медицина қызметкерлері атынан алғысымызды айтамыз. Қазіргі жағдайда бұл біздер үшін үлкен көмек болып отыр. Істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілейміз», — деп өзінің жүрек жарды тілегін айтты АОА бас дәрігері Зәуреш Қыдырбекова.
Ал, аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов аудан әкімі атынан күрделі кезеңде қайырымдылық жасап, азаматтық танытқан жандарға рақметін жеткізді.
Осында бір айта кетерлігі, бұл кәсіпкерлер тарапынан жасалып отырған соңғы сый емес, тағы бір ӨЖЖ аппараты жақын күндері орталық ауруханаға жеткізілетін болады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.