A place where you need to follow for what happening in world cup

Халық жанашырлары

293

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», — дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық — адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Жақсылық жасау ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр және жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркезде табылады. Сондай жанашыр адамның бірі жерлесіміз, ерікті ағамыз өзінің бауырларымен жағдайы төмен отбасыларға және мүгедек балаларға деген қамқорлығын аямайтын – Тулебаев Еркін Бахытжанұлы. Осыдан он жылға жуық жылдар бұрын Еркін Бахытжанұлы өз қалтасынан қаражат шығарып, тобымен жағдайы төмен отбасыларға азық-түліктер мен киім-кешек жағынан жәрдемдесіп бастады. Бұл істерін қолдаған жанындағы жолдастарымен бірігіп «Еріктілер» атанып, игі істер атқарып келеді. Қазіргі таңда 2020 жылдың «Еріктілер жылы» екенін білеміз, соған байланысты еріктілердің атқарып жатқан жұмыстарымен қоса, қайырымды іс жасайтын жанашырлардың да санының артқанын Тулебаев Еркін қуанышпен айтты. Одан бөлек, тек ауданымыздағы отбасылармен ғана шектеліп қоймай Мақтаарал жеріндегі қайғылы оқиғаға байланысты жолдастарымен қаражат және азық-түлік беру арқылы көмек көрсеткендерін мақтанышпен айта кету керек. Себебі, мән-жайды естіп бір күн ішінде бауырларымен алыс жерге ат терлетіп жәрдемдесуге барған бұл кісілердің қайырымды істерін ерлікке санар едім. Еркін Бахытжанұлының мұндай игі істермен айналысуы бала кезіндегі әдеттерінің бірі болған секілді. Бұл туралы: «Бала күнімде дүкенге жұмсап жіберетін. Мен дүкеннен келе жатып жол жөнекей көрген үлкен кісілерге заттарын көтерісіп, үй-үйлеріне барып сол үшін үйге кешігіп келетінмін. Нанды кешіктіріп әкелгенім үшін ұрыс естіп қалатынмын. Сонда да адамдарға қол ұшын созғанды жаным құмартып тұратын», — деген сөздерінен байқауға болады. Иә, бұл кісінің балалықтан келе жатқан қайырымды істері бүгінге дейін жалғасын табуда. Үстіміздегі жылдың қазіргі уақытына дейін 400-ге жуық отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Жомарт жандардың осы жылы Төле би ауылындағы жағдайы өте төмен отбасыға үй тұрғызып беру және Тараз қаласындағы балалар үйіне барып көмек қолын созу жоспарларында бар. Қазіргі таңда бұл еріктілердің арнайы аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесу мақсатында Шу қалалық «Достық» сауда үйінде қайырымдылық дүкені де өз жұмысын жасап жатыр. Келешекте азық-түлік және киім дүкендерін салу еріктілердің басты мақсаттарының бірі. «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Расында, адамға ниет еткені тиесілі», – деген тағылымды хадис бар. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді екен. Сондықтан жүрегіміздегі мейірімділікті аямай қайырымды, игі істермен айналысайық.

Арунай НҰРЛАН

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.