Құрметті баспасөз қызметкерлері!
Сіздерді баспасөз, телевидение және радио күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес журналистер қауымының тындырымды еңбегі ауқымды сипатта жүретіндігі, мәртебеге лайық екені белгілі. Ақпарат ағыны заманында жылдам хабар тарату қоғамдағы үрдістердің алмасу қарқынын арттырады.
Сіздер қазіргі дәуірдің жаңалық жаршысы ретінде ізгілік қасиеттерді дарытуға, ұлт болмысына деген сүйіспеншілікке, салт-дәстүрді ардақтауға, әдебиетіміздің өркендеп, қанат жаюына мол үлес қосып жүрсіздер.
“Газет халықтың тілі, көзі, һәм құлағы” деп баспасөз қызметкерлері еңбегін нақты осы теңеумен дөп басып екшей аламыз. Күнделікті оқиғалардың басы-қасында жүретін тілшілер қауымы елеулі де ерен істері арқылы қалың халық жүрегінен орын алып, өзгеріске толы өмірде өлшемі шексіз пайдалы жұмыстары арқылы ел жақтаған жандар.
Құрметті кәсіп деп бағалап, нәсібін кәсібінен тапқан журналистерді сөз құдіретін шырқау шегіне жеткізе алатын нәзік жүрек иелері деген марапатқа лайық деп білемін.
Аудан өмірінде түйіні шешілмеген сан тарау қиындықтарды уақытында еңсере отырып, шығу жолын іздестіруде көз ілмей еңбектеніп, жұмысынан жігер алатын қауымның заман талабына сай екені анық.
Адамгершілік тұрғысын бірінші кезекке қоя отырып, өмірлерін әділеттілік пен шыншылдықты жақтауға арнаған оң нәтижелі шаруалар атқарып, жауапкершілікті сезіне білетін сіздерге алғыс білдіремін.
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері!
Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырату жолында еткен еңбек, төккен терлеріңіз жемісті болып, оқырмандарыңыз көбейіп, қаламдарыңыз мұқалмасын! Сіздердің отбасыларыңызға денсаулық пен береке, жұмыстарыңызға шабыт тілеймін!