A place where you need to follow for what happening in world cup

Басылым абырой биігінде

311

Биылғы  жыл  атаулы күндерге толы. Олардың ішінде ерекше орын алатыны Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы, қазақ халқының танымал тұлғаларының мерейтойлары турасындағы және елімізде болып жатқан маңызды оқиғаларды  жылдың басынан бері тұрақты жариялап келеміз. Міне тек аудан көлеміндегі ғана емес, облыста, республикада болып жатқан жаңалықтарды оқырмандармен үздіксіз бөлісіп отқанымызды мақтанышпен айта аламыз. Әрине, аудандық газетте шығармашылыққа бет алған әріптестеріміз де жоқ емес. Олар жоғарыда аталған даталар мен мерейтойларға арнаған материалдарын жүйелі түрде жазып тұрады.

Көзі қарақты оқырмандарымыз аңғарған болар, «Шу өңірі»-«Шуская долина» газеттерінде жыл басынан бері «Шу өңірі газетіне — 85 жыл» рубрикасымен бірнеше мақалалар жарық көрді.

Аудандағы шоқтығы биік жалғыз басылымға 85 жыл толғанын аңғармай да қалыппыз. Қуантарлығы, сексен бестің сеңгіріне шығып отырған төл басылымымыз көптеген атаулы мерейтойлармен тұспа-тұс келіп тұр. Атап өтерлігі, газетімізде ауданымыздың құрылғанына 90 жыл, ал Шу қаласына 60 жыл толып жатқанын да қуанышпен хабарлаған едік.  Яғни, Қазақстан картасында Шу ауданының территориясы сызылып, негізі қаланған сәттен тура 5 жылдан кейін біздің де газетіміз алғашқы санын шығарған екен. Демек, төл басылым ауданның шежірелі  жылнамасын жасады десек, артық айтқандық емес. Ойлап қарасаңыз, ғасырға жуық уақытта небір тарихи оқиғалар орын алған. Мәселен, саяси қуғын-сүргін сергелдеңі, фашистік Германияға бағытталған сұрапыл соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңі,  соғыстан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игеру және  Қазақстан Республикасының мемлекет болып қалыптасу жолындағы түрлі кезеңдерді атап өтсек болады. Содан бері өмір ағысы бір сәтте тоқтаған емес. Аудан адам танымастай өзгерді. Ең бастысы, бүгінгі журналистер мен аудандық басылымның қызметкерлері сонау 1935 жылы негізі қаланған қоғамдық-саяси газеттің бағытынан жаңылмай,  шулықтарды соңғы жаңалықтармен, пайдалы кеңестермен, ауданның алға жылжуындағы экономикалық ахуалмен, жаңадан шыққан еліміздің заңнамалық актілерімен, әртүрлі сала мамандарының іс-тәжірибесімен құлағдар етіп келеді.

Өзінің мамандығына жанымен берілген кешегі аға буын өкілдері, аттарын алтын әріптермен баспа тарихының бетіне таспалауға тұрарлық жекелеген тұлғалар газет ісінің жандануына бар күш-жігерін сарп етті деуге әбден болады және бүгінгі жас толқын журналистер солардың ізін жалғастыруда. Осыған дейін «Шу өңірі»-«Шуская долина» гезеттерінде журналистика мен полиграфия саласында өшпес із қалдырған айтулы тұлғаларымыз жайында мәнді мақалалар берген болатынбыз. Тек бір ғана айтарым, олар нағыз патриоттар және өз ісінің майталмандары. Және олардың есімдерін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Аудандық газеттің қызметкерлерін ойлы оқырманның жете тануы — мақтанарлық жай.

Осы орайда, барлық журналистерді және біздің газеттің тұрақты оқырмандарын мерейлі мерекемен құттықтағым келеді. Баршаңызға жақсылық, береке-бірлік, ынтымақ пен жасампаздық тілеймін. Әрқашанда жақсылықтың жаршысы болуға талпынып, қоршағаны ортаны қорғап, рухани жағынан кемелденіңіздер! Құрметті менің әріптестерім, қаламдарыңыз қарымды  болып, жазарларыңыз таусылмасын!

Нұржан Қадырбеков,

«Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің директор-бас редакторы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.