A place where you need to follow for what happening in world cup

Батыр ескерткіші ашылды

358

Жуырда Оразалы батыр ауылында Оразалы Қожамжарұлына арналып салынған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Оған Ақсу, Оразалы батыр және Көкқайнар ауылдарының ақсақалдар алқасының мүшелері, екі ауылдың әкімдері, ФАП меңгерушілері, мектеп директорлары, жастар ұйымының жетекшісі, ауылдың зиялылары қатысты.

Оразалы Қожамжарұлының рухына арнап ауылымыздың имамы Нұрдәулет Дүйсекбаев құран бағыштаған соң, Ақсу ауылдық округінің әкімі Талғат Итекеев пен ақсақалдар алқасының төрағасы, Жамбыл облысының құрметті ардагері Жайлаубек Қалиев ескерткіштің бетін ашты. Одан кейін Т.Итекеев, Ж.Қалиев, Шу ауданының Құрметті азаматы Бақыт Тілеужанов, Көкқайнар ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Нүсіпқұл Кезембаев, Ақсу ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрғазы Төлендиевтар О.Қожамжарұлының өмірбаяны мен оның атқарған істері, батырлығы туралы біраз құнды мәліметтерді айтты.

Сондай-ақ, осы ескерткішті орнату туралы ұсыныс жасап, оған ауылдың жанашыр азаматтары мен сырттағы «Туған жерге туыңды тік» дейтін қағиданы берік ұстанатын белді азаматтардың қаржылай қолдауы сеп болды. Осы ескерткішті салуда жомарттық танытып, аса белсенді болған ауылымыздың тумасы Жанболат Бошаевты ерекше атап өткен жөн.

Жиын соңында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақсу ауылының ақсақалдар алқасының мүшесі Төреқұл Әлханұлы Оразалы атаға арналған өлеңін оқып берді.

Жүрегімнен жыр сыймай атылады,

Оразалы ата ескерткіші ашылады.

Қуанышты салтанат шарасына,

Біздерді ақсақалдар алқасы шақырады.

Көптен күткен мызғымас бірлігіміз,

Жасап жатқан ағайын тірлігіміз.

Жанболаттың үстінен ауыр жүк те,

Түсті бүгін. Жұмылады ұйқыға кірпігіміз.

Таза жұмыс үш жылда атқарылды,

Халық болып, жұмылып тірлік қылды.

Оразалы атам да дөңбекшіген шығар-ау,

Қалың жұртым ризамын дейтін сынды.

Әкімдік те бар жұмысты жұмылдырды,

Қолдан келген шараға тығыз жүрді.

Халықтың, көпшіліктің арқасында,

Бабамның ескерткіші сәнін құрды.

Ағайын, туыс, жора-жолдас, бауырлар,

Қатар құрбы, ақсақалды біраз қауым бар.

Оразалы атамның ескерткішіне қатысқан,

Барша жұртқа алғыс айтар жырым бар!

Шара соңында ақсақалымыз Оңлахан Сырлыбаев ақ батасын берді.

Жайлаубек Қалиев,

Оразалы батыр ауылы ақсақалдар алқасының мүшесі,

Жамбыл облысының Құрметті ардагері.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.