Сары Хасенов атындағы стадионда жеңіл атлетикадан жарыс өтті. ҚР Рәміздер күніне орай ұйымдастырылған бәсекеге спорт мектептерінің қызметкерлері мен аудан жастары қатысты.
Бұл дода өңіріміздегі төтенше жағдай режимі жеңілдетілгеннен кейін ұйымдастырылып отырған алғашқы жарыс. Қатысушылардың барлығы санитарлық талаптарды бұлжытпай орындағанын да айта кеткен жөн. Дертті жұқтырудың алдын алу мақсатында қатысушылар арасындағы арақашықтық та қатаң сақталды. Аталған бәсекеге бас-аяғы 30-ға жуық адам қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс жолына ең әуелі нәзікжандылар шығып, өз бақтарын сынады. Алайда аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі жарысқа қатысқан барлық аруға арнайы жүлде тағайындап, марапаттады. Ал ерлер арасындағы бәсеке екі топтың арасында өтті. Екі топ та өзінің шеберліктерін байқатып, екі айналым бойынша сынға түсті.
Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – кім мықтыны анықтау емес, спорт сүйер қауымға және карантин уақытында осындай іс-шараларды сағынған қатысушыларға арналған. Үлкен іс–шара болмаса да, бұл — спорт сүйер тұрғындар үшін мереке. Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер қатысушылардың барлығы да арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Р.ХАЙРУЛЛИН.