A place where you need to follow for what happening in world cup

Діни сауат – қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі

347

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының қатысуымен басқосу өтті. Аталмыш жиынға облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, бас маман Елнұр Әскенұлы, облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының ақпараттық-түсіндіру бөлімінің инспекторы Алмас Кулымбетов, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен имамдар және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының, ауылдық деңгейдегі мобильдік топтың мүшелері қатысты.

Ең әуелі басқарма басшысы Жангелді Жайлауұлы сөз сөйлеп, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының атқаратын рөлі мен оның маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығы туралы тілге тиек етті. Өйткені аталмыш саладағы түсіндіру жұмыстарын жүйелі ырғаққа келтіруде ақпараттық-түсіндіру топтарының алатын орны ерекше. Еліміздің дін саласындағы саясатын түсіндіру, мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты жоғарғы деңгейге жеткізу, сонымен бірге бұл салада жүргізіліп жатқан саясатқа тұрғындардың сенімін нығайтуда да ақпараттық-түсіндіру топтарының маңызы зор. Қазіргі кезде республикалық, облыстық немесе аудандық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын жандандыру, олардың негізгі қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар өзінің жемісін беруде.

Сайып келгенде діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу, оны санаға қабылдамау ең әуелі ел тұрғындарының діни сауатына байланысты екені белгілі. Ал діни сауаттылықтың деңгейін арттыру ең алдымен жоғарыда аталған ақпараттық-түсіндіру топтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, имамдармен бірлесе отырып жүйелі де сауатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тікелей байланысты болмақ. Міне, дәл осы бағытта жан-жақты ақпарат алмасқан жиынға қатысушылар жуырда ғана қолға алынған «Бейбітшілік және келісім» атты пилоттық жобаның мақсат-міндеттеріне де тоқталды. Басқосу соңында аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Мавлида Абдусаттарқызы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.