Күнделікті күйбең тіршілікте көбіміздің аса мән бере бермейтін жайттарымыз өте көп. Дегенмен, тіршіліктің көзін тауып, нәпәқа табудан, қажеттілікті жүзеге асырып өмір сүруден де маңызды нәрселер бар. Ол – отансүйгіштік қасиетті жоғалтпау, рухани сананы өшірмеу және жарқын болашағымыздың кепілі болатын мемлекеттігімізді сақтау.
Қарапайым спорттық шараларды көре отырып, спортшымыз жеңіске жетсе, туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалса, неге қуанамыз? Өзге ұлт өкілі біздің тілімізде сайрап тұрса, неге жадыраймыз?
Мұның барлығы ішкі түйсік. Отансүйгіштік қасиет. Себебі, біздің өз елдігімізді айқындайтын, мақтана алатын мемлекетіміз және соған лайық атрибуттарымыз, яғни рәміздеріміз бар. Ал, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғымдар.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Сонымен қатар, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздерімізде қазаққа тән барлық қасиеттер бейнеленген. Туымыз бен Елтаңбамыз еркіндікті, батырлығымызды, көк тәңіріне сыйынған көне ұрпақтың көзі екендігімізді айқындап қана қоймай, шекаралас мемлекеттермен байланысымыздан да көрініс береді. Мемлекеттік Гимніміз туған жерге деген мақтаныш сезімін ұялатады.
Қазақ жұрты кіндік қаны тамған жерін, ата-баба әулетінің мәйіті жатқан жерді ерекше қадірлейді. Қазақ үшін атамекен – отанжанды пенде ретінде өмір сүруінің шарттық атрибуты. Сондықтан да халқымыз өз ата-мекенін, отанын, өз халқы, өз тілін өз мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін жүрекпен сүйе білген әрі ұрпағын да соған тәрбиелеген, баулыған.
Баршаңызды осы мерекемен, яғни, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен» құттықтай отырып, тәуелсіздігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі, ұрпағымыз жігерлі болсын деген тілек білдіремін.
Ермек ОРАЗҚҰЛОВ,
аудандық соттың судьясы.