A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облысында тауарлы балық өндірісін 2025 жылға қарай 3500 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда

5 240

Балық шаруашылығын дамыту мәселесі Жамбыл облысы үшін маңызды күйінде қалып отыр. Бүгінде балық өсірудегі аймақтың бұрынғы даңқын жаңғырту жолында бірқатар жұмыстар қолға алынуда.
Жамбыл ауданының «Сандель» шаруа қожалығының балық тәлімбағы аумағында өткен семинар-кеңес барысында саланың жағдайы туралы жан-жақты сараланды. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, балық шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу орталықтары мен облыстың әр түкпірінен балық жемін өндіретін компания мамандары қатысты.
«Сандель» шаруа қожалығы аквамәдениетпен 2005 жылдан бері айналысып келеді. Инкубациялық цехта кәсіпорын 100 миллион дана дернәсіл мен 10 миллион дана шабақ өндіреді.
Шаруашылық басшысы Дилмурат Хусаин-Ахуновтың айтуынша, екі жыл ішінде дернәсіл өндірісін 150 миллион данаға дейін және бір жыл ішінде шабақ өндірісін 15 миллион данаға дейін ұлғайту көзделуде. Мұнда балық тәлімбақтарын қалпына келтіру шаралары қолға алынуда екен. Ол бойынша тоғандар саны артып, инкубациялық цех жаңғыртылмақ. Сонымен қатар құрама жем зауыты салынады.

Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екендігін, бірақ, өкінішке орай, экономиканың бұл саласына тиісті назар аударылмайтынын, кейінгі уақытта ол дамуын тоқтатып қана қоймай, құлдырап бара жатқанын атап өтті.

Аймақ басшысы балық шаруашылығын жандандыру қажеттігіне көңіл бөлді. Қазіргі таңда облыс бойынша жылына мың тонна балық өндірілсе, ал Кеңес кезінде бұл көрсеткіш шамамен бес мың тоннаны құраған. Сол себепті ол өңірдегі импортқа тәуелді саланың бірі болып қалуда.

— Бір кездері Жамбыл облысы ірі балық өндіруші өңірлердің бірі болған. Ал бүгінде Балқаш көлінен шамамен 700 тонна балық ауланады, ал ауылшаруашылық кәсіпорындарымен тағы 300 тонна алынады. Бұл өте аз. Балық шаруашылығы қайта экономиканың маңызды салаларының біріне айналуы тиіс. Мемлекет алға дамып келеді. Мал азықтарын субсидиялауға ақша бөлінуде. Бірақ мәселелер әлі де жоқ емес. Облыста балық өсірумен тек 60 шаруашылық айналысуда десек, олардың бесеуі ғана ірі құрылым саналады. Тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыру керек. 2021 жылы бұл тұрғыдағы өсімді 2400 тоннаға, 2022 жылы 3000 тоннаға, 2025 жылы 3500 тоннаға дейін жеткізу қажет, — деді ол.

Еске сала кетейік, өткен жылдан бастап ауылшаруашылық құрылымдарына соңғы 10 жылда алғаш рет мал азығы үшін субсидия төлене бастады. Мәселен, былтыр шаруаларға шамамен сегіз миллион теңгеге субсидия төленген. Биыл қаржыландыру көлемі 10 миллион теңгеге жетпек.

Аймақ басшысы жауапты ведомстволарға балық шаруашылғы саласын дамыту жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, технологияны дамыту және аграршылардың білімі мен практикалық тәжірибесін арттыру мәселелері де қарастырылады.

Семинар барысында саланы дамытудағы кездесіп отырған өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, ұтымды ұсыныстарын білдірді. Негізінен қатысушылардың дені су тапшылығына қатысты шағымданып, өзендер мен көлдердің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуді талап етті. Сондай-ақ, олар балық аулау мерзімдерін өзгерту қажеттілігін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев көтерілген барлық мәселелерді жедел назарға алып, қарастыруды және мүмкіндігінше өңірдегі балық өндірісінің өркендеуін тежеп отырған кедергілерді жоюды тапсырды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.