Қазақтың өткен тарихына үңіліп отырсақ, әрбір атауға ерекше мән берген. кез-келген атаудың өзіңдік себебі бар. Мысалы, аудандағы тарихи ескерткіштердің бірі-ақкесенені және оның жанындағы көккесенені алып көрелік.
Атауы айтып тұрғандай Қыпшақ дәуіріне жататын ескерткішті Х-ХІ ғасырларда Тараз әміршісі Қарахан тұрғызған. Ғалымдардың болжауынша, бекіністің өзі Х-ХІІ ғасырларда салынса, оның мұнарасы ХҮІІ ғасырда тұрғызылған. Түркі тілінде ақ-батыс, көк-шығыс дегенді меңзейді. Яғни, бірі батыста, екіншісі шығыста орналасқанын білуге болады. Жергілікті халық арасында кесене туралы әртүрлі аңыз бар. Соның бірі, Тараздың әміршісі Қарахан жолаушылап келе жатқан керуенбасыны қонақ етіпті. Билеушінің көрсеткен құрметіне риза болған қонақ оған өзінің көкейде жүрген тілегін жеткізген.
«Мен жүрмеген жол, аспаған асу аз. Бірақ, Мойынқұмнан қауіпті жерді кездестірмедім. Үш күндік жол азабы үш айға бергісіз болды. Осы маңнан жолаушыға бағыт беріп, қараңғыда жол көрсететін белгі салып берсеңіз, көп адамның алғысына бөленер едіңіз,-деген керуенбасының сөзін жерге тастамаған Қарахан қос бекіністі салдырған деседі.
Қалай десек те, шындыққа жанасатын аңыз. Белгілердің атауын да қалай дөп қойған. Бұл тарихы тереңнен бастау алатын қазақ тілінің кереметі демеске лажымыз жоқ.
Тілге жеңіл, түрленіп жеткен тарихи атаулар ауданымызда мұнымен ғана шектелмейді. Олардың әрқайсысының астары, айтар аңызы бар. Мәселен, Тәңірқазған, Бөріқазған, Қотырбұлақ, Тамды әулие деп тізбектеле береді.
Бұл ескерткіштер қазақ жерінің өнегелі өткенінен хабар береді. Ендеше, бүгінге жетіп отырған құндылықтарымызды сақтай білу бізге аманат. Әрбір ескерткіште қазақтың терең тарихы, баға жетпес мәдениеті, қолданысқа бай тілі жатыр. Осыны жас ұрпақтың түсінуі тиіс.
Ауданбек Тауасаров,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы.