Құрметті ұстаздар, ата-аналар және мектеп бітіруші түлектер!
Әлемді алаңдатып отырған індет жалпы адамзат баласына оңайға соқпағаны белгілі. Күрделі кезеңге байланысты мектеп оқушылары қашықтықтан оқып, онлайн тәлім алуға машықтанды. Мемлекет шәкірт білімінің шабандап қалмауы үшін бар мүмкіндікті жасап келеді. Бүгін міне жас түлекке соғылар соңғы қоңырауды да салтанатымен өткізу мүмкін болмай отыр. Бұл шаралар халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып отырғандығын ескеріп, тәртіпке бағынуымыз керек.
Кемел келешектің есігін қағар әрбір түлекке елдің қамын жеуді, сауатты азамат болуды, ұлттық құндылықты игеріп өзгеге насихаттауды айтқым келеді. Әрдайым алдарыңыздан ақ күн туып, ұстазын ұлықтаған, өткенін ұмытпаған ұғымды ұл-қыздар болуларыңызды тілеймін.
Құрметті ата-аналар!
Мәпелеп өсірген перзенттеріңіз үміттеріңізді ақтап, берген тәрбиелеріңізді байрақ қып ұстасын! Саңлақ бабалардың жолын жалғап салиқалы ғұмыр кешсін! Данышпан даналардың ізін бассын! Ел кәдесіне жарарлық мамандықтың майталманы болсын!
Құрметті ұстаздар!
Тарыдай болып келіп, таудай қылып өсірген, талмай тәлім берген шәкірттеріңіз өмірдің өлшеусіз соқпақтарынан сүрінбей, арман-мақсаттарына аман жетсін! Төккен терлеріңізді ақтап, есімдеріңізді елге танытсын!
Әрқашан айларыңыз оңынан туып, жұлдыздарыңыз жарқырасын! Халыққа қалаулы, елге елеулі азамат болыңыздар!