A place where you need to follow for what happening in world cup

Шу өңіріне өнер нұрын шашқан

438

Шу өңірі – қазыналы да қасиетті мекен. Бұл өлкенің рухани өміріне көз салсақ, өзінің қайталанбайтын өзгеше мәдени-тарихи өмірі бар екенін және сол өнер мен мәдениеттің ордасы болған жергілікті театр болғанын көреміз.
Өткен ғасырдың ортасында Шу өңірінде халықтың рухани қажетін өтеп, өнер жарығын шашқан ерекше бір мәдениет ордасы — Жамбыл ауылының халық театры аса танымал болды. Осы театрдың алғашқы бастауларына көз жүгіртсек, әр істің басында ел қамын ойлаған, өнер жанашыры, үлкен азаматтар тұрғанын көреміз. Осындай азаматтың бірі — қазір құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер тұлға Серік Әденов еді.

ТЕАТР НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ІСКЕР ДЕ ТАЛАНТТЫ БАСШЫ —
СЕРІК ӘДЕНОВ
Халық театрының негізін қалаған оның директоры, талантты басшы Серік Әденов еді. Біз Серік ағаның өзімен бұл жөнінде сөйлескенде, ерте жылдарда Шу өңірінде театр құрып, оны аяғына тұрғызу еңбегі жолында атқарған жанқиярлық еңбегі жөнінде ерекше ықыласпен еске алды:
«1950 жылдары мен Жамбыл кеңшарында ауылдық клубтың меңгерушісі болдым, өнерге өте құштар едім, ауылдастарымды өнерге тартып, клубта түрлі үйірмелер жүргіздік, мерекелерде концерттік нөмірлер дайындап, көркемөнерпаздар байқауына қатысып жүрдік».
1959 жылы Жамбыл қаласында өткен конкурстан 1 орын алып келген соң, Серік Әденовке «театр ұжымын құруым қажет» деген ой келді. Жан-жақтан талантты жастарды жинау мақсатын қойды. Алғашында ауыл жастарынан көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, оларды күн сайын дайындап, актерлік өнерге баулыды. Бұл туралы Серік ағай «бәрінен әртіс жасадым» деп күліп отырып еске алды. Арнайы Меркіден режиссер шақырып, Мойынқұмнан басқа да аудандардан да келіп, он төрт адамға дейін жиналып, үлкен ұжымға айналды. Түрлі қойылымдар дайындап, аудан орталығы, облыс орталығына, көрші ауылдарға барып, халыққа рухани азық сыйлады. Шу ауданындағы Жамбыл кеңшарында алдымен көркемөнерпаздар үйірмесі болып құрылған ұжым тынымсыз еңбек, ізденіс нәтижесінде 1960 жылдардың орта шенінде «Халық театры» атағын жеңіп алды. Әрине, бұл жеңісте іскер басшы Серік Әденовтың еңбегі зор еді. Театр әртістерінің атағы алысқа жайылып, шығармашылық табыстарға жетті. Кейінірек бұл театрдың кей мүшелері басқа аудандарға ауысып, Мойынқұмнан халық театрын ашамыз деп жоспарлағандар да болды.

«ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНА» КЕЛГЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАР
Жаңа ұжым құруды ойлаған Серік Әденов Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесіне барып, жаңадан бітірген жастарды өз театрына тартуды жоспарлайды. Осылайша, 1970 жылдарда бұл ұжымға Жамбыл қаласынан мәдени-ағарту училищесін бітіріп келген бір топ талантты жастар — актерлер Ерік Мәтхалықов, Сағынышбек Шомаев, жезтаңдай әнші, мың бұралған бишілер Бекзат Шалабаева, Күлімхан Оңтаева, Бекзада Маликова, Асылхан Қожақовалар келіп қосылды. Театр болашағына алаңдаған Серік ағай ауыл-ауылдан өнерге бейім жандарды іздестіріп, тауып, оларды театрға жинайды. Рухы биік, өнерлі жастар қатарында тума талант, актер актер Ермек Құлажанов, гитарист Берік Мұстафаев, өнерпаздар Қойшыбай Садықов, Қажен Халықов тағы басқалар болды. Жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға кеңшар мүшесі ретінде Жамбыл ауылынан үй берілді.
Халық театры ұжымы бар күш-жігерімен халықтың рухани өрісін кеңейтіп, театр өнерін насихаттап, өз сөздерімен айтқанда, «заманында дүрілдеткен еді». Серік Әденов Алматыдан өзінің талантты шәкірті, белгілі режиссер Қадыр Жетпісбаевты арнайы шақырып, «Қыз Жібек» пьесасына қойылым дайындады. Қадыр Жетпісбаев ауыл әртістерімен жұмыс істеп, актерлық шеберліктерін шыңдады. Сәкен Жүнісовтің «Тірі екенсің, махаббат» пьесасының қойылымы ерекше сәтті шықты, бұл спектакль туралы әлі күнге дейін ауыл үлкендері сағынышпен еске алады.
Серік Әденов басқарған бұл өнерлі орта сол жылдарда Шу өлкесіне ғана емес, Қазақстанға белгілі бола бастады десек артық емес. Театр Қазақстанның бірнеше облысына, атап айтқанда, Алматы облысының Бақанас, Ақши ауылдарын, Қызылорда облысының Шиелі ауданы, Шымкент облысының Шәуілдір, Алғабас ауылдарында, Жамбыл облысының Талас, Сарысу т.б. барлық аудандарын аралап, спектакльдер, концерттер қойып, қыс демей, жаз демей, алыс жолдың қиындығына мойымай, өнер көрсеткен. Отбасын жаңа құрған жас өнерпаздар спектакльге дайындалу, сахнаны безендіру, пьеса мәтінін жаттау, режиссураның қыр-сырын меңгеру бойынша барлық шараларды бірлесе атқарып, көрермендер көңілінен шыққан.
Бейнеті мол ауыл тірлігінен шаршап-қажыған қарапайым еңбек адамдары кешкі демалыстарында спектакль тамашалап, әдебиет пен өнер туындыларымен танысып, эстетикалық әсерге бөленіп, өнерлі жастарға разы болып, тарқасқан.
1975 жылдың соңына қарай театрдың біраз мүшелері қазіргі Төле би кеңшарындағы (бұрынғы Новотроицк) аудандық мәдениет үйіне қызметке ауысқан. Бұл жерде де театр құрылып, көптеген қойылымдар дайындалып, халық назарына ұсынылған. Осы ұжымда қазақтың талантты күйшісі Әбдімомын Желдібаев, журналист-жазушы Ахметжан Қосақов, дарынды музыкант Келгенбаев Әуесхан, ұйымдастырушы Зере Балғожаева тағы басқа тұлғалар еңбек еткен. Бүгінде бұл талантты тұлғалар жетпістің асуына шығып, бейнеттерінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр, кейбірі өмірден өтіп те кетті. Олардың сол жылдардағы ерен еңбегі мен өнері ізсіз қалмай, кейінгі жастарға үлгі болуы қажет.

ЖАҚСЫ ТЕАТРДЫҢ ӨНЕГЕСІ ӨШПЕЙДІ
Біздің ортада жақсы театр тек қана үлкен жерде, Астанада, мықты актер үлкен, атақты театрларда ғана танылады деген пікір қалыптасқан. Шын өнер қай жерде де өз міндетін атқарады, шын өнерпаз қай ортада да өзін таныта алады, өнерге адал болады. Жамбыл халық театрының әртістерінің өнері академиялық театр өнерпаздарынан еш кем емес екенін түсінуіміз керек. Өйткені, олар өнердің осындай ұлы мақсатына қызмет етіп, өз туған жерлеріне өнер жарығын шашқан, қарапайым халыққа рухани азық сыйлаған өнерге адал жандар. Ал өнер қашан да адам жаны мен жүрегін нұрландырады, тазартады, ойлантады.
Демек, жоғарыда біз атаған, осы мақаламызға тақырып болған аталған өнер адамдарының сол жылдардағы еңбегі, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Аталған шағын ғана өнер ұжымы Шу өңіріне ғана емес, тұтас Тараз өлкесінің халқына рухани-эстетикалық тәрбие беріп, мәдениетке, адамгершілікті насихаттады десек артық емес.
Қасиетті Шу өңірінің рухани өміріне үлкен үлес қосқан осы бір ерекше ұжымның еңбек жолы қазіргі уақытта ұмытыла бастағандай, мүлде ұмытылмаса да көмескіленіп, тарих қойнауына кететіндей. Болашағын ойлаған ел өткеннің өнегесін ешқашан ұмытпай, сабақ алып отырғаны жөн, Шу өңіріне өнер нұрын шашқан Жамбыл халық театрының өнегесі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Әрине, бұл бағытта еш жұмыс атқарылған жоқ демейміз. Дегенмен де, осындай игі іс-шаралардың саны артып, әсіресе жастарға насихатталса, артық етпес еді. Театрдың қазіргі көзі тірі әртістерімен, басшысы Серік Әденовпен шығармашылық кездесу ұйымдастырылып, арнайы марапат тапсырылса, есімдері Шу ауданы энциклопедиясына енсе, еңбектерінің еленгені, әрі жас таланттарға да үлгі емес пе?!
Өнерлі тұлғалардың еңбегі жастар арасында насихаттау үшін аудандық, облыстық деңгейде арнайы шаралар (өнер байқаулары, мастер класс, шығармашылық кездесу, дәрістер, театр қойылымы, скетчтер байқауы) ұйымдастыруды қолға алып, жоспарлы түрде жүргізіп отырса нұр үстіне нұр.
Шу өңіріне танымал Халық театрының өнерпаздарына қазіргі ұрпақ атынан алғысымызды айтамыз, көз көргендер ол кісілер туралы әлі де жазады деп үміттенеміз.

Ләйла МҰСАЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.