Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай қарт майдангер Ережепбай Жетібаевтың үйіне арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров Президенттің құттықтау хатын жеткізді. Онда Мемлекет басшысы Отан үшін отқа түсіп, ерен ерлік көрсеткен ардагерлерге амандық тілеп, алғыс білдірген.
Соғыстан жараланып келгеннен соң, халықты ағарту ісіне үлес қосып, ұстаздық еткен Ережепбай атаны Нұржан Календеров облыс жұртшылығы атынан да құттықтап:
— Жас ұрпаққа қазыналы біліміңізбен өнеге көрсетіп, ортамызда аман жүре беріңіз. Болашақтың бейбіт өмірі үшін жан аямай шайқасқа қатысқан ерліктеріңіз ел есінен ешқашан ұмытылмақ емес, — деп 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар, қарт майдангердің өңіріне мерекелік медаль тағылды. Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінің директоры Айдархан Биназаров гүл шоқтары мен сый-сияпат тарту етті. Жасы жүзге таяған Ережепбай ата:
— Мен соғысқа 18-19 жасымда кірген едім. Ленинград майданында талай шайқастарға қатысып, небір жолдастарымнан айырылдым. Әрбір сәт көкірекке ой түйгізді. Сол қолымнан жараланғандықтан госпитальға жатып, ем алып шыққаннан кейін елге қайтарды. Майданнан 1944 жылы оралып, 1988 жылға дейін білім саласында еңбек еттім. Бәрі үшін де шүкірлік етемін. Еңбегімізді елеген еліме бас иіп алғысымды айтамын. Жаратқан Иеміз ендігі ұрпаққа соғыс көрсетпесін. Ел-жұртымыздың басынан татулығы, бірлігі кетпесін! Қазақтың басынан бақыт таймасын! –деп батасын берді.