A place where you need to follow for what happening in world cup

Келісімшарт бойынша әскери қызмет — лайықты таңдау

139

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі — Қарулы Күштерді офицерлік, сержанттық және қатардағы жауынгерлермен жасақтаудың жүйесін жетілдіру болып табылады. Бұл жұмысты жүргізуде Қарулы Күштерді келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауға толық көшуге негіз беретін, саннан бұрын сапаға барынша мән берілетіні сөзсіз.

Сондықтан Қорғаныс министрлігінің талаптарына сәйкес, келісімшарт бойынша әскери қызметке жоспарлы түрде іріктеу жүргізіледі.

Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдеріне құқықтық қызметінің бос лауазымдарына (офицерлер құрамындағы) кандидаттарды іріктеу жүргізілуде.

Келісімшарт бойынша әскери қызметтен өтетін әскери қызметшілердің жеке бастары ғана емес, отбасы да мемлекет қорғауында болатынын баса айтқан артық болмас.

Қазақстанда нормативтік құжаттарға сәйкес әскери қызмешілерге белгілі бір жеңілдіктер бар. Осы жеңілдіктерді біз осы мақалада сипаттап береміз.

Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Әскери қызметші мен отбасы мүшелері мемлекет есебінен әскери қызмет мерзіміне тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

Әскери қызметкерлерге медициналық қызмет көрсету.

Әскери қызметшілерді әскери-медициналық мекемелерде медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.Әскери қызметшілердің қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиісті бөлімшелер не медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.

Жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұймдарына және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету бойынша шығындарды  өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру

Әскери қызметшілердің барлық санаттары әскери қызмет міндеттерін орындағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі. Ақшалай үлес ақшалай қаражатты (лауазымдық айлықақыны және әскери атағы бойынша айлықақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемақыларды және қолданыстағы заңнамада көзделген басқа да үстемақыларды қамтиды.  Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық айлықақылары мемлекеттік қызмет өтілі ескеріле отырып айқындалады.

Ақшалай үлесті, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу тәртібін уәкілетті органдар белгілейді. Сондай-ақ әскери қызметшілер мемлекет есебінен бекітілген нормалар бойынша заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі, әскери қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға құқылы.

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қашықтығы 100 шақырымнан астам бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кезде, әскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай қаражат және онымен бірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне айлық ақшалай қаражаттың жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақысы төленеді.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке ниет білдірген азаматтар   мына мекенжай бойынша қабылданады: Төле би ауылы, Егемберді көшесі 2а үй, Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, байланыс телефондары: 3-00-00, 3-00-02.

К.Бексеитов,

аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, капитан.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.