Жамбыл облысында қайырымдылық шаралары жалғасын табуда.
Рамазанның алғашқы аптасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы маңындағы Шөлдала ауылында және Қарасу 5-ші мөлтек ауданындағы және Төлеби көшесіндегі жатақханаларда тұратын тұрғындарының ішінде ауыз бекіткен 500 адамға ауызашар таратты.
Қазіргі карантин жағдайында барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, әрбір ауыз бекіткен азаматқа арнайы ауызашар мәзірі алдын ала әзірленіп, облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері мен волонтерлар жеткізіп берді – деп хабарлады Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев
Облыстың бас имамының айтуынша, биыл исі мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті айда тәртіпке бағынып, тарауық намазын үйлерінде оқып, әркім өз отбасында рамазан айында жасалатын амалдарды жасап, бала-шағасының тәрбиесіне, иманы мен амалына, мінез-құлқына көңіл бөліп, қайырымдылық та жасай алады. Сондай-ақ «Һибатулла Тарази» мешіті мен қалалық, аудандық орталық мешіттерінің асханаларына және дәмханаларға ас мәзіріне тапсырыс жасап, ауыз бекіткен жамағаттардың үйлеріне апарып беруге болады.
Бүгінде жанұясымен бірге сыртқа шыға алмай отырған мұқтаж отбасылары мен ауыз бекіткендер үшін ауызашар беру жөніндегі облыс әкімінің бастамасын оның орынбасарлары, маслихат депутаттары мен белгілі кәсіпкерлер қолдап отыр.