Көктемнің шуақты күні көктен күлімсірей қарағанда ойың бір арнаға тоғысып, көңілің асып-тасады екен. Елді мекеннен аттай шықсаң, небір ғажайып көрініске тап боласың. Сонадай жерде дән сеуіп жүрген тракторлар, малын алдына салып жайылымға шыққан малшылар, көк аспанда қалықтаған қарлығаш, торғайлардың шырылы әрбір адамды бей-жай қалдырмаса керек. Көк майсаға оранған даланың көрікті келбетіне көзің тоймайды-ау, шіркін!
Өткен сенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зағипа Әуелбаева және Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаев жұмыс бабымен Көделі көктеуіне ат басын бұрған.
Көделі – малшылардың жаз жайлауы. Жасырары жоқ, бұл өңірде кейбір малшылар қысы-жазы мекендейді. Қазір төскей төрт түлікке тола бастаған. Бір Қаракемер ауылының есебіне алынған тиісті жердің аумағына орналасқан 35 баздан 1670 жылқы, 1520 сиыр, 29381 қой-ешкі өріп шығатынын қаперге алып, биылғы алынған төлдерді қоссаңыз, мұнда қайнаған тірліктің сарқылмас бұлағын көресің.
Аудан басшысы бастаған топ алдымен үлкен жолдан таяқ тастам жерде орналасқан «Мейіржан» шаруа қожалығына тоқтаған.
Шаруашылық төрағасы Мейіржан Қазанбасовтың айтуынша, бағымында 900 асыл тұқымды «Еділбай» қойы (оның 550-і саулық), 125 мүйізді ірі қара, 50 жылқы бар екен. Қыстан қысылмай шыққаны көрініп тұр. Малы толық төлдеп біткен.
Келесі аялдаған тұсымыз – «Бауыр» шаруа қожалығы. Мұнда да жағдай жақсы көрінген. Қора-жайы жинақы. Шаруашылық төрағасы Әділбай Қабылов: – Бағымымда 500 қой (оның 400-і саулық), 20 жылқы (дені Мойынқұм өңірінен жайылым тапқан) 15 сиырым бар. Бәрі соңдарынан бір-бір төл ертті, – деп бізге қора-жайын аралатып көрсетті. Жинақылық, тазалық осында ма дегенбіз. Тіпті, көп ауылда жоқ «орыс моншасын» да көрдік.
Төрт жылдан бері мал соңына ілескен «бауырлықтардың» ата кәсіпке шындап кіріскеніне риза болған аудан басшысы мен мәслихат хатшысы риза көңіл танытты.
Сапарымыз одан әрі жалғасып, Көделі көктеуін төлге толтырған бірнеше малшының жай-күйін көріп, хал сұрасып кері қайтқанбыз.
Дүйсенбек Орманов,
Жамбыл ауданы