Бүгін дертке қарсы дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылған мекемелердің мамандары, әскерилер арнайы көлік техникаларымен орталық алаңға жиналып, белгіленген өз бағыттары бойынша залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Әлемді әбігерге салған қауіпті індетпен іс жүзінде күнделікті күресіп, көне шаһардағы көпшілік орындарда тазарту жұмыстарымен айналысып жүрген сақтық шарасының «сарбаздары» 22 тонна дезинфекция сұйықтығымен жарақтандырылған.
Карантин режимі басталғалы бері залалсыздандыру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысып жүрген мамандарға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев нақты тапсырмалар беріп, карантин режимі біткенше тұрғындарды үйде болуға шақырды.
– Бүгінгі күнге дейін карантинге байланысты қалада дезинфекция жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Осыған орай қазіргі таңда жиырмаға жуық арнайы көліктер дайындалған. Оның ішінде бес мекеме, әрқайсысында 42-45 адамнан жұмылдырылған. Одан бөлек екі жүзге жуық әскери қызметкер қалада дезинфекция жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай кешегі күнге тағы 22 тонна дезинфекцияға арналған сұйық материалы дайындалды. Оның барлығы мөлтек аудандар, қаланың басқа да аймақтары , орталықтары, автокөліктер көп жүретін жерлер, халық көп шоғырланатын аумақтарға жұмсалуда. Дегенмен халықтың назарын сақтық шарасына аударғым келеді. Осы дезинфекция жұмыстары жүріп жатқанға қарамастан халықтың ішінде індеттің көбеюіне жол бермеуін сұранамын. Қала аумағында жеті блог пост қойылған. Қалай дегенмен індеттің алдын алу тұрғындардың өздерінің қолдарында. Қалада құрылған арнайы штабтар күнделікті жұмыстарын жалғастыруда. Күнделікті азық-түлік, дәрі-дәрмек алатын дүкендер мен дәріханалар жұмыс жасауда. Тұрғындар тек осы жерлерге ғана барса деген өтініш тілегіміз бар. Сонымен қатар қалада жүріп тұруға 38 такси қызметі жұмыс жасауда. Олар күніне екі мәрте тазартылады. Және жедел жәрдем, төтенше жағдай немесе үйге тамаққа тапсырыс беру секілді қызметтер халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Қаладағы 11 округке байланысты кешегі күнге 12 тонна дизенфекция сұйықтығы және 10 тонна антисептик алынды. Осылардың барлығы адам көп шоғырланатын сауда нүктелерін, аулаларды залалсыздандыруға бағытталуда. Негізінде супермаркеттерді залалсыздандыру сауда нүктесі иелерінің міндеті. Бірақ біз оларды да толық қамтып отырмыз. Содан кейін карантинге жабылған үйлердің аулаларын тұрақты түрде тазалау жұмыстары жүргізіліп отырады. Бірінші індет байқалған күннен бастап СЭС қызметкерлері дезинфекция жұмыстарын жүргізеді, одан кейін де түгел сол үйдің ауласы залалсыздандырылады. Осы бағытта жалданған бес мекеме мамандарын 11 округке бөлдік. Әрқайсысының белгіленген өз маршруттары бар. Олар қалада күніне 2 мәрте таңертең 10:00-ден 12:00-ге дейін және 16:00-ден 18:00-ге дейін дезинфекция жұмыстарын жүргізумен айналысуда,-дейді А.Қарабалаев.
Айсана НҰРБАП