A place where you need to follow for what happening in world cup

Біздің сүйікті дәрігер

218

«Ұрпақтың денсаулығы – ұлттың саулығы» деп бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, дана халық «жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» дейді. Медицинаның атасы Ибн Синаның: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» дегені де көп дәрігерлерге ой салуы тиіс. Осындай игі қасиеттер бойынан табылатын дәрігер ғана халықтың сүйіктісіне айналмақ. Сол себепті де дәрігерлік – жауапты мамандықтың бірі саналады. Адам өміріне араша түсетін жандарға еш қателесуге болмайды. Дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс.

Осы ретте, Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі біраз жылдан бері жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде танылып, тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген жанның бірі Нұрладин Ермековтің азаматтық қырлары туралы аз-кем әңгімелегенді жөн көріп отырмыз.
Нұрладин Меңлібайұлы 1961 жылы Өзбекстан Республикасы Бұқара облысының Кенимех ауданында қарапайым отбасында дүниеге келеді. Әкесі Меңлібай Ермеков есепші болып жемісті еңбек еткен. Ал, анасы Гуля Полатбекова он ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген батыр ана.
Көпбалалы отбасында өскен ол өз қатарластарымен 1968 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. 1979 жылы Өзбекстандағы Самарқан мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, 1984 жылы педиатрия факультеті бойынша тамамдайды. Нұрладин ағаның алғашқы еңбек жолы туған жерінде басталып, ол дәрігерлік міндетін атқаруға жас маман ретінде белсене кіріседі. Яғни, 1984 жылы Кенимех ауданындағы Саржал ауылдық ауруханасына меңгерушісі болып жұмысқа орналасады.
Ермековтер отбасы 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударып жатқан қандастарымыздың көшімен бірге атажұртқа көшіп келіп, біздің ауданға қарасты Нұрлыкент ауылына тұрақтайды. Алғашында ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға балалар дәрігері болып жұмысқа орналасады. Оның осы ауылға жұмысқа орналасуына қазіргі таңда аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековтің септігі тиеді. Ауылдағы денсаулық сақтау мекемесінде жемісті жұмыс істеп, жақсы қырынан танылған Нұрладин Меңлібайұлы 2003 жылы Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі болып тағайындалады. Содан бері білікті дәрігер ұжыммен бірге Бақалы, Теріс, Түктібай, Қызыларық, Алатау, Көктөбе жалпы саны тоғыз мыңға жуық халыққа медициналық қызмет көрсетеді.
Бұл кезде ауыл-ауылдан Нұрладин дәрігерді арнайы іздеп келушілер саны көп болды. Келушілер өздерін жайдарлы мінезімен, орамды әзілімен қарсы алған дәрігерге көңілдері толып, ризашылықтарын білдіруде. Шын мәнінде жақсы дәрігер жабырқап келген жанның көңілін тауып, онымен әңгімелесіп, жағдайын да зерделей білуі керек. Сол кезде ғана емдеу процесі оң нәтижесін беретінін Нұрладин дәрігер де жақсы біледі.
Нұрладин Меңлібайұлы 2015 жылы отбасы жағдайымен Тараз қаласына қоныс аударып, Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі болып жұмыс істейді. Нұрлыкент ауылының тұрғындары сүйікті дәрігерлерінің басқа жаққа ауысып кеткеніне сенбеді. Оны әрдайым күтті. Хабарласып, іздеді. Кейбір емделушері қашықтықтан ұялы телефонмен хабарласып, медициналық қызметіне жүгініп, кеңестерін алып тұрды.
Өз ауылын, жұмысын, ұжымын сағынған ол 2019 жылы қыркүйек айында Нұрлыкент ауылына қайта оралады. Дәрігерді ауыл тұрғындары зор қуанышпен қарсы алады. Себебі, білікті маман, жақсы адам айналасына әрдайым сыйлы, құрметті. Осындай сыйластыққа, құрметке бөленіп жүрген дәрігер де бақытты болмақ. Өйткені, ол адамның жүрегіне жол таба білген жан.
– Дәрігер мамандығын таңдауға өмірлік жарым Роза себеп болды. Себебі, ол құжаттарын мединститутқа тапсырған соң, мен де сонда тапсырдым. Екеуміз мектепте он жыл бірге оқыдық. Өмірде де бірге болуға ниеттендік. Оқуға түсер алдында институтта орыс тілінде диктант жазып, емтихан тапсырдық. Мен оны Розадан көшіріп, бес деген баға алғанмын. Міне, бұл өмірлік жарымның маған жасаған үлкен жақсылығы. Екеуміз әрдайым біргеміз. Отбасында үш ұл тәрбиелеп отырмыз.
Әрбір дәрігер Гиппократ антын қабылдайды. Антына адал болу – біздің міндетіміз, қызметтік борышымыз. Мен алған білімімді, жинаған тәжірибемді халық үшін аянбай қызмет етуге арнаймын деп ант қабылдадым. Антына адал болу үшін халыққа бар болмысыңмен, іскерлігіңмен қызмет ету керек. Сонда ғана жақсы дәрігер, білікті маман боласың.
Жақсы дәрігер болу үшін адамдармен етене араласып, олардың бір отбасы мүшесі сияқты бола білуің керек. Айтқандарын мұқият тыңдап, білген ақыл-кеңесіңді айтып, ауруына дұрыс емдеу жолдарын беріп отыру керек. Алдыңа келген адамды көңіл-күйің жоқ болса да, күліп қарсы алып, оларды тыңдай білу керек. Ауруымен қатар, ішкі жан дүниесіне де үңіле білген жақсы қасиет деп ойлаймын. Себебі, өзі ауырып, жабырқап келген адамды сен де қатулы қабақпен, зілді дауыспен қарсы алсаң, ауруының үстіне ауру қосылады.
Мен әзілдескенді жақсы көремін. Адам үнемі көңілді жүруі керек. Сол арқылы да тұрғындардың көңілін табуға болады. Әсіресе, қарттардың. Қарттық шақта адам бойындағы ауру-сырқаулар шыға береді. Сондықтан оларды жабырқатпай, көңілдерін көтеріп, жұмыс жасаған маған ұнайды, – дейді Нұрладин Меңлібайұлы.
Дәрігердің өмірлік ұстанымы – зейнеткерлік жасқа жетіп, одан әрі қарай да күш-жігерін халықтың денсаулығын түзетуге арнау. Өзін жақсы көретін тұрғындармен, ұжыммен бірге болу. Оны іздейтінін, әлі де маман ретінде қажет екенін біледі. Біліктілігін жастарға жол көрсетуге арнап, тәжірибесімен бөлісіп отыруды жөн санайды.
-Біздің кезімізде кітапханадан кітапханаға барып, ізденіп, тәжірибелі мұғалімдермен араласып, білмегенімізді сұрастырып оқитын едік. Ал, қазір интернет деген шыққан. Онымен қалай оқитынын, қалай білім алатынын білмедім. Практикалық, теориялық білім бар еді. Көзбен көріп, қолмен ұстап білімді жинақтау арқылы көп нәрсе есте қалатын. Жас дәрігерлер білмегенін сұрастырып, адамдармен араласып, жақсы жағынан көріне білсе, жақсы маман болып қалыптасады деп ойлаймын. Ерінбей, ізденіп, тәжірибе алмаса білу керек. Ең бастысы, кішіпейіл, қарапайым, адами жоғары қасиеттерге ие болса, жақсы дәрігердің қатарынан көрінеді деп сенемін, – дейді ол өз сөзінде.
Иә, жақсы адам, білікті маман болу үшін біліммен қатар жақсы мінез бен жақсы көзқарас та қажет. Осы тұрғыдан алып қарағанда, тұрғындардың сүйікті дәрігеріне айналған жан, өз ісінің майталманы Нұрладин Ермековтың медицина саласына сіңіріп келе жатқан еңбегі құрметке лайық.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.