A place where you need to follow for what happening in world cup

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті

147

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сортөбе ауылында Қордай ауданындағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі штабтың кезекті отырысын өткізді. Аймақ басшысы ауданға жұмыс сапары барысында «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдап, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімі аталмыш жоба аясында 13 мыңнан астам кордайлықты қамтыған 400-ден астам іс-шара өткізілгендігін атап өтті. Енді талдау барысында анықталған түйінді түйткілдерді шешу үшін жүйелі жұмыс істеу қажет. Бұл туралы облыстық салалық басқармалардың басшылары – жұмыс топтарының жетекшілері егжей-тегжейлі баяндады. Олар жобаның ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, әлеуметтік, кәсіпкерлікті дамыту, дін және қауіпсіздік мәселелері бағыттары бойынша қолға алынған шараларға жан-жақты тоқталып өтті. Бір апта ішінде халықпен түрлі кездесулер өткізген жұмыс топтары ауыл тұрғындарының тіршілігіне қатысты барлық салаларды қамтыған.
Өңір басшысы кордайлықтардың өзекті мәселелеріне айрықша назар аударып, ауылдықтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін қосымша гранттар мен шағын несиелер бөлу шаралары басталғанына, асыраушысынан айырылуына байланысты тиісті жәрдемақылардың ресімделгеніне және оның уақытында төленетініне сендірді. Сонымен қатар, имамдардың ротациясы сияқты маңызды мәселелерге де көңіл бөлу керектігі айтылды.
Аудандық мәслихат депутаты Қарлығаш Қыпшақбаева аталған жоба Қордай тұрғындарының өмірін жақсартуға қауқарлы екендігін тілге тиек етсе, ал Қордай ауылының тұрғыны Болат Анарбеков несие беру және құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті мамандардың жиі келіп, жергілікті халыққа кеңес беріп отыруы бойынша өтінішін жеткізді.
Масаншы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дидэр Двумаров 100-ден астам дүнгендік отбасы дәстүр бойынша Шу ауданына аттанғанын хабарлады.
Бердібек Сапарбаев бұған дейін мұндай отбасылардың саны 300-ге жуық болғанына тоқталып, жергілікті халықтың онда кедергісіз бара алатынын, жер бөлу мәселесінде ешқандай кедергілер туындамайтынын баса айтты. Бұл мәселе аймақ басшысының тікелей бақылауында.
— Сіздер тек өздеріңіз үшін ғана жұмыс істеп қоймай, облыстың және жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қоса аласыздар. Бұл өте маңызды. Әсіресе қазіргідей күрделі жағдайда бұған айрықша ден қойған абзал, — деп атап өтті ол.
Сортөбе ауылының имамы Ғұбар Паншаров Қордай ауылдары қалыпты тіршіліктерін жалғастырып отырғандығын тілге тиек етіп, карантиндік шараларды барынша сақтауға атсылысатындықтарын білдірді.
Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы әрбір айтылған мәселеге көңіл бөліп, билік өз міндттерін күмәнсіз орындайтынын жеткізді. Бекітіліген жол картасына енген барлық мәселелер біртіндеп шешілмек. Аймақ басшысы оның орындалуына тікелей өзі қадағалау жасап отырады.
— Тұрғындармен жиі кездесіп отыру керек. Жобадан алатын басты сабағымыз сол. Мемлекет басшысы экономиканы дамыту және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде нақты шаралар қабылдауда. Қордай ауданына да тиісті қаражат бөлінді. Ол оңайлатылған тәртіпте берілетін болады. Жергілікті тұрғындар жаңа жобалармен жұмыс істеуі тиіс.
Шекарадағы бақылауды, контрабандаға және қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресті күшейтеміз.
Мектептердегі білім беру деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Жергілікті оқу орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет. Оқу үшін көрші Қырғызстанға барудың қажеті жоқ. Біз Сортөбе мен Масаншы ауылдарының арасында орналасатын колледж құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз, — деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев әрбір ауданда магнитті-резонанстық томография аппараты болатын болса, адамдар құны қымбат талдау шаралары үшін облыс орталығына сабылмайтынына назар аудартты. Кез келген ауруды емдеудегі ең басты мәселе – дәл қойылған диагноз екендігін алға тартты.
— Қордай ауданында зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жақын арада басталады. Демеушілерден қаражат жиналуда. Дегенмен, жылжымайтын мүліктің барлық құжаттары тиісті талаптарға сай болуы керек, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев аудан және ауыл әкімдерінің түрлі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншіліктерін түсіндіру бойынша жұмыстарының әлсіздігін назар аударды. Адамдар көбісі олардан хабардар емес. Әкімдердің ең басты міндеті – қажетті ақпараттарды тұрғындарға жеткізу, бөлініп жатқан қаражаттар азаматтардың табыс деңгейін арттыруға негізделгендігін тілге тиек етті аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев қалпына келтіру жұмыстарынан бастап, тәртіп бұзғандарға қатысты қылмыстық істерді тергеу шараларының бәрі заң аясында жүргізілетінін еске салды.
— Біз құқықтық мемлекетте тұрамыз. Егер кімде-кім заңды бұзса, ұлт пен діни наным — сеніміне қарамастан, барлығы заң алдында жауап беретін болады, — деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.
Сонымен қатар, осы күні Бердібек Сапарбаев «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінде болып, шекаралық және кедендік қызметтердің, сондай-ақ Қырғызс Республикасынан келген азаматтарды тексеру іс-шараларын жүргізетін медицина қызметкерлерінің жұмысымен танысты.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.