A place where you need to follow for what happening in world cup

Бердібек Сапарбаев «Тараз» ӘКК қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды

159

Облыс әкімдігінде Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жұмысы қаралды.

​Басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиевтің айтуынша «Тараз» ӘКК өз қызметін негізгі үш бағыт бойынша жүргізеді. Ол перспективалы және бәсекеге қабілетті инвестициялық жобаларды іске асыру, облысы тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары. ӘКК құрылғаннан бері 44 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 69 жобаны жүзеге асырған.

Бүгінде өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді десек, онда ұн, күріш, қарақұмық, қант, сәбіз, пияз, өсімдік майы, жұмыртқа және өзге де осы секілді өнімдер сақталуда. Қордағы бұл өнімдер ірі сауда нүктелерінен басқа коммуналдық базарлар мен әлеуметтік дүңгіршектерде де сатылуда.

​- ӘКК қызметі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан ол тиімді және нәтижелі ұйымдастырылуы тиіс. Өкінішке орай, ондай қарқын байқалмайды, — деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Б.Сапарбаев корпорация орын алып жатқан экономикалық үдерістер мен сын-қатерлерге, нарықтық қатынастардың ағымына  және тұтынушылық қажеттіліктерге нақыт жауап беруде белсенділік таныта алмай отырғандығына назар аудартты. Өңірге инвестиция тарту, бизнес-бастамаларды қолдау бойынша да тиісті жұмыстардың әлсіздігіне көңіл бөлді.

​- Сіз ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың бірі болып табыласыз. Үкімет бұл мақсатқа тиісті қаражатты бөлді. Алайда, ауылдықтар осы ақшаны тез және тиімді игеру ісінде сіздердің тараптан тиісті көмек ойдағыдай көрсетілмеген. Жүктелген міндетті қызметкерлеріңіз соңғы уақытқа дейін іркіліспен әрең орындады, — деді Б. Сапарбаев  корпорация басшылығының жұмысын сынға алып.

Өңір басшысы басқа да бағыттар бойынша жұмыстардың жүйесіздігін алға тартты. Атап айтқанда, ӘКК басшылығы тарапынан тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуда тиісті бақылаудың жоқтығын, әлеуметтік павильондардың жұмысы дұрыс жолға қойылмағандығын, олардың көпшілігі демалыс күндері жабық тұратындығын баса айтты.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровке «Тараз «ӘКК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде салалық ведомствоның 2019 жылғы қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жасау, оның құрылымы мен штаттық кестесін қайта қарау тапсырылды.

— ӘКК-нің штаттық саны 60 адамды құрайды. Жалақылары қомақты. Алайда, олар оған сай  жұмыс істеп отыр деп айта алмаймыз. Департаменттер арасындағы  өзара қарым-қатынастарды нақты үйлестіру жоқ, — деп түйіндеді Б. Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.