A place where you need to follow for what happening in world cup

Бердібек Сапарбаев тұрғын үй құрылысының сапасын бақылау шараларын күшейтуді тапсырды

143

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын өңіріміздегі жүзеге асу барысы талқыланды.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1936 азамат пәтермен қамтылған. Ағымдағы жылы бұл бағыт бойынша бюджеттен 19,5 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 17,5 миллиард теңге бөлу көзделген. Ол қаржыға 48 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда десек, оның 32-і ағымдағы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі құрылыс сапасына айрықша назар аударды.

— Бізде құрылыс саласында техқадағалау, МСҚБ секілді көптеген бақылаушы ұйымдар бар. Дегенмен құрылыс жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Айталық, бірнеше жыл бұрын ғана салынған мына үйді қараңызшы, қандай қорқынышты күйде. Тұрғындардың шағымдануы өте орынды, — деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Сондай-ақ, ол мамандарға тұрғын үй кешендерінің дизайны  қатысты жаңаша ойлаудың маңыздылығын айтып, олардың алуан түрлілігі мен қазіргі заманауи нақышта салу керектігін атап өтті. Жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымын жүргізуге асқан жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені бізде адамдар жаңа үйге орналасып алған соң оның жанында жақсы жолдың, автобус аялдамасының жоқтығын мәселе етіп көтере бастайды.

Әкім жергілікті құрылыс материалдары мен жұмыс күшін пайдаланудың маңыздылығын ескертті.

«7-20-25» мемлекет тұрғын үй бағдарламасының өңірде орындалу көрсеткіші көңіл көңшітпейді. Қабылданған және мақұлданған өтінімдер бойынша Жамбыл облысы республикадағы 17 өңір арасында 14-орында тұр. Бағдарлама іске аса бастағаннан бері облыс бойынша тек 685 өтінім қабылданған. Бұл жалпы республикалық көрсеткіштің 2 пайызын ғана құрайды.

ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин бұл жағдайдың қалыптасуының бірқатар себептеріне тоқталып өтті. Ол бағдарлама аясында бөлінген пәтерлер салымшылардың сұранысына сәйкес келе бермейтінін атап өтті. Сондай-ақ, себептің бірі – облыс тұрғындарының табысының төмендігі. Бұл орайда азаматтардың төлем қабілеттілігінің жеткіліксіздігі, басқа да өтелмеген кредиттерінің болу факторлары әлеуетті салымшылардың санын қысқартып отыр.

Облыс әкімі  кеткен кемшіліктерді жоюға мүмкіндік бар екенін, ең алдымен халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін жеткізді. Ол үшін бірінші кезекте «Баспана», ипотекалық компаниясы мүдделі болуы керек, әйтпесе жағдай әзірге өзгермеуі мүмкін.

— Салымшыларды сапалы тұрғын үймен және қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтуға болады. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Халыққа қолжетімді және жайлы тұрғын үйді ұсыну үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек, — деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Басқосуда мемлекеттік сатып алудың орталықтандырылған рәсімдерін өткізу туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров хабарлама жасады. Жалпы, ағымдағы жылы 46 миллиард теңгеден астам сомаға 80 конкурс өткізілген. 72 конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталса, оның 83 пайызы Жамбыл облысы компанияларына тиесіліү. Қалғандары Қызылорда, Қостанай, Түркістан облыстарының, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіпкерлерінің үлесінде.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық барысы туралы баяндады.

Облыс тұрғындары үшін су тасқыны қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінен, сондай-ақ 14 су қоймасынан орын алуы мүмкін. Су басуды болдырмау мақсатында кешенді іс-шаралар өткізілді. Департамент басшысының айтуынша, 142 шақырымдық кәріз құбырлары және су арналары, 185 шақырым арық желісі, 430 темір жол және автомобиль жолдарындағы көпір, сондай-ақ 1790 су өткізу торабы тазартылған. «Көктем» командалық штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғаныс күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілді.

Облыс әкімі ТЖ қызметін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып алдын алу шараларын жалғастыруға шақырды.

— Ауа райы күтпеген жерден өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз бәріне дайын болуымыз керек, — деді ол.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.