№15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Машжанов Талгат Шопанбаевич
Өмірбаяным
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Машжанов Талгат Шопанбаевич, 1985 жылғы 26 қаңтарда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ.
1991 жылы Жаңатас қаласындағы Карл Маркс атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылдандым. 1996–2001 жылдары қосымша білім беру мақсатында музыка мектебінің домбыра сыныбында оқыдым. 2002 жылы аталған мектептің 11-сыныбын аяқтадым.
2002–2007 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып, «Дене шынықтыру пәнінің педагогі» біліктілігін иелендім.
Еңбек жолымды 2003 жылғы 22 қаңтарда Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Сарысу ауданындағы №22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде баскетболдан жаттықтырушы-оқытушы болып бастадым. Бұл қызметті 2013 жылғы 22 қыркүйекке дейін атқардым.
2013 жылғы 23 қыркүйектен 2017 жылғы 10 мамырға дейін Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Жаңатас қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде нұсқаушы-әдіскер болып қызмет еттім.
2017 жылғы 11 мамырдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Сарысу ауданындағы №26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде басшының әкімшілік-шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін.
Кәсіби біліктілігімді үнемі жетілдіріп отыруға мән беремін. 2021 жылы «Білім алушылардың гендерлік ерекшеліктерін ескеретін дене шынықтыру» бағдарламасы бойынша біліктілігімді арттырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің № О 7513 куәлігін алдым. 2024 жылы Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2024 жылғы 27 ақпандағы №24 бұйрығына сәйкес «Біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы» санаты берілді.
Спорт саласында да бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Баскетболдан облыстық спартакиаданың бірнеше дүркін жүлдегерімін. Жамбыл облысы әуесқойлар лигасында жүлделі орындарға ие болып, Сарысу ауданы көлемінде өткізілген жарыстарда жеңімпаз атандым. Жаттықтырушы ретінде тәрбиелеген шәкірттерім Жамбыл облысы чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегерлері атанып, олардың бірқатары облыс құрамасының сапында Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысты.
Отбасылымын.
Сайлауалды бағдарлама
Менің негізгі мақсатым – №15 сайлау округіне қарасты елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін облыстық деңгейде көтеруге және олардың шешілуіне ықпал етуге күш салу. Депутаттық қызметті халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын, қоғам мүддесін қорғайтын жауапты міндет деп санаймын.
Осы мақсатта төмендегі бағыттарды басымдыққа аламын.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының тірегі
Жамбыл облысының экономикалық әлеуетін арттыруда ауыл шаруашылығының орны ерекше. Сондықтан шаруалардың еңбегін қолдау, олардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту және ауылдағы аграрлық кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру, шағын шаруа қожалықтарына жеңілдетілген несие мен субсидия алу мәселелерін шешуге ықпал ету қажет. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, тұқым сапасын жақсарту, заманауи агротехнологияларды енгізу жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз өткізуге мүмкіндік беретін кооперативтер мен тұрақты өткізу тетіктерін қалыптастыруға басымдық беремін.
Су ресурстарын тиімді пайдалану және жердің құнарын сақтау
Су – ауыл тіршілігінің өзегі. Әсіресе егіншілікпен айналысатын шаруалар үшін суару жүйелерінің жағдайы мен су ресурстарының қолжетімділігі шешуші мәнге ие. Осыған байланысты каналдар мен арықтарды жөндеу, су жеткізу жүйелерін жаңғырту, су шығынын азайтатын технологияларды енгізу мәселелерін облыстық мәслихат деңгейінде көтеремін. Тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдерін енгізуге қолдау көрсетуді, суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуын бақылауды маңызды міндет деп есептеймін. Жердің тозуына жол бермей, оның құнарлылығын сақтауға бағытталған бастамаларға да назар аударамын.
Шағын және орта бизнестің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру
Ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы – халықты жұмыспен қамтудың және табыс көзін көбейтудің тиімді жолы. Тек сауда-саттықпен шектелмей, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, шағын өндіріс орындарын ашу, қызмет көрсету саласын кеңейту қажет. Бұл ретте кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімді болуына, жеңілдетілген қаржыландыру мен кепілдік беру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етемін. Жергілікті өнім өндірушілердің облыстық нарыққа шығуына, олардың тауарларын сауда орындары мен әлеуметтік нысандарға жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау білдіремін.
Инфрақұрылым мен елді мекендердің тұрмыс сапасы
Халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің бірі – жол, ауызсу, электр қуаты, газ және интернет сапасы. Бұл бағытта елді мекендердегі ішкі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, су құбырларының тозған бөліктерін жаңарту және инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді облыстық бюджет пен тиісті даму бағдарламалары аясында қарастыруға бастамашылық етемін. Әсіресе жөндеу жұмыстарының сапасы мен бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне қоғамдық бақылауды күшейту қажет деп санаймын. Ауылдардағы интернет байланысын жақсарту да білім алу, кәсіп жүргізу және мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін маңызды.
Тұрғындардың өтініші – депутат жұмысының басты бағдары
Депутаттың міндеті тек жиындарға қатысып, шешім қабылдаумен шектелмеуі тиіс. Ол халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көтерілген мәселенің шешілу барысын бақылап, нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты ақпарат беруге міндетті. Сондықтан азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, әрбір өтінішті жауапты мекемелерге жолдап қана қоймай, оның орындалуына дейін назарда ұстауды көздеймін. Тұрғындардың бастамаларын қолдап, жергілікті қоғамдастықтардың пікірін маңызды шешімдер қабылдау барысында ескеруге күш саламын.
Мен үшін депутаттық мандат – жеке мәртебе емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір ұсыныстың өміршеңдігі оның нақты нәтижесімен өлшенуі керек. Сондықтан көтерілген мәселелерді шешуде ашықтықты, әділдікті және жүйелілікті басты ұстаным етемін.
Тапсырыс беруші: № 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Машжанов Т.Ш.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.