«Әділет» партиясы: Білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту – басты басымдық — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

«Әділет» партиясы: Білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту – басты басымдық

16

Тараз қаласындағы білім беру және медицина ұйымдарының еңбек ұжымдарымен кездесуде «Әділет» партиясының кандидаттары өңірлік сайлауалды бағдарламаның әлеуметтік бағыттағы міндеттерін таныстырды.

Жамбыл облысында «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Мәслихат депутаттарының сайлауына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Еркінбаева Ләззат Қалымбекқызы, Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы, Гладченкова Марина Васильевна, Тараз қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Алғашқы кездесу Әлихан Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясында өтті. Жиында кандидаттар білім беру саласының қызметкерлеріне партияның «Әділетті болашақ үшін» атты 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстырып, білім сапасын арттыру, педагогтердің мәртебесі мен еңбек жағдайын жақсарту және балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау мәселелеріне тоқталды.

Бағдарламада 2031 жылға дейін мектепке дейінгі ұйымдарда кемінде 8,4 мың жаңа орын ашу, 4 370 оқушы орнына арналған 9 мектеп салу және 138 STEM-кабинет сатып алу көзделген. Сондай-ақ Тараз қаласында инженерлік, IT, математикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша 3 мамандандырылған мектеп ашу жоспарланған.

«Біздің бағдарламада балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға және өңірге қажетті мамандарды даярлауға басымдық берілген. 2031 жылға қарай жаңа мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды көбейтіп, STEM-кабинеттерін ашуды көздеп отырмыз. Бұл оқушылардың заманауи білім мен технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді», – деді кандидат Еркінбаева Ләззат Қалымбекқызы.

Бұдан кейін кандидаттар «Смарт» медициналық орталығы мен №8 қалалық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Жүздесулерде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту, дәрігерлер мен орта буын мамандарының еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.

Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін ескірген ғимараттардың орнына екі жаңа медициналық ғимарат салынып, тағы бір ғимарат жаңғыртылады. Тараз қаласы мен Қордай ауданында инвазивті емес диагностиканың екі орталығын ашу, ауыл тұрғындарының кемінде 80 пайызын жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамту және 215 медицина маманына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған.

«Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі заманауи инфрақұрылымға және білікті мамандарды қолдауға тікелей байланысты. Бағдарламада медициналық нысандарды жаңғырту, диагностикалық орталықтар ашу және ауыл тұрғындарын жылжымалы кешендер арқылы медициналық қызметпен қамту міндеттері қарастырылған. Сонымен бірге медицина мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету де маңызды бағыттардың бірі», – деді кандидат Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы.

Кездесулер барысында еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға қатысты міндеттер түсіндірілді.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.